Сауд Арабиясында Йемендегі хуситтердің шабуылдарына байланысты жағдай күрделене түсті. Ел астанасында жарылыс естіліп, әуежай маңынан жалын мен қою түтін байқалған. Мұнай нысандары да шабуылға ұшырады. Ulysmedia.kz тілшісі Қазақстанның Сауд Арабиясындағы консулымен байланысып, елдегі ахуалды және қазақстандықтар арасында көмек сұрап жүгінгендер бар-жоғын білді.
19 қыркүйекте йемендік хуситтер Эр-Риядтағы «маңызды» нысандарға зымырандар мен дрон арқылы шабуыл жасағанын мәлімдеді.
Reuters дерегінше, Халид патша атындағы халықаралық әуежай маңынан қалың қара түтін көтерілген.
Түнде Эр-Рияд пен оған жақын орналасқан Әл-Хардж қаласының тұрғындарына әуе шабуылы болуы мүмкін екені жөнінде ескерту келген. Таңертең билік қауіп сейілгенін хабарлады.
Сауд Арабиясы бастаған әскери коалиция астанаға қарай бағыт алған зымыранды атып түсіргенін және басқа қалаларға жасалмақ болған шабуылдардың да алдын алғанын мәлімдеді.
Ulysmedia.kz тілшісі Қазақстан елшілігіне хабарласып, жағдай туралы сұрады.
Қазақстанның Сауд Арабиясындағы консулы Асылхан Нұрмағамбетовтің айтуынша, елдегі жағдай қазір қалыпты.
Ол жарылыстар естілгенін, алайда көбі әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің зымырандарды ұстап қалуымен байланысты болғанын айтты.
- Қазірге дейін азаматтарымыздан ешқандай өтініш түскен жоқ. Жағдай тыныш, айтарлықтай өзгеріс байқалмайды. Азаматтар бізге жүгінген жоқ. Байланыс желісі ашық, қажет жағдайда кез келген адам хабарласа алады. Қазақстандықтар арасында зардап шеккендер туралы жергілікті органдардан да, азаматтарымыздың өздерінен де ақпарат түскен жоқ, - деді дипломат.
Хуситтер Қызыл теңіз жағалауындағы Янбу қаласында орналасқан Aramco мұнай компаниясының нысанына шабуыл жасағанын мәлімдеді.
Бұл - Сауд Арабиясы мұнайын сыртқа шығаруда маңызды рөл атқаратын негізгі орталықтардың бірі.
Сауд Арабиясына жасалған шабуылдар шілдеден бері жалғасып келеді. Сол кезде хуситтер корольдікке теңіз арқылы блокада жариялаған еді.
Содан бері қалаларға, энергетикалық инфрақұрылымға және кемелерге бірнеше рет соққы жасалды.
Бұл жағдай әлемдік мұнай тасымалына да қауіп төндіріп отыр. Ормуз бұғазы арқылы қатынас әлі де шектелген, енді Қызыл теңіз арқылы өтетін балама бағытқа да қатер төніп тұр.
Reuters мәліметінше, Сауд Арабиясы хуситтерге қарсы күресте АҚШ-тан тікелей әскери қолдау сұраған. Алайда Дональд Трамп бұл өтінішті қабылдамаған.
Осы тұста Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан Анкара тамызда Пәкістанның қатысуымен жасалған қорғаныс келісімі аясында Сауд Арабиясына көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.
- Сауд Арабиясының аумақтық тұтастығы мен егемендігіне өте ауыр шабуылдар жасалып жатқанын көріп отырмыз. Біздің келісім аясында одақтастық міндеттемелеріміз бар. Бұл мәселеде біз толық ынтымақтастық танытып отырмыз. Оларда, әсіресе кейбір техникалық бағыттар бойынша, әскери қажеттіліктер туындауы мүмкін. Мұндай қажеттіліктерді өтеуде бізде ешқандай мәселе болмайды, - деді Фидан.
Келісімге сәйкес, үш елдің біріне жасалған қарулы шабуыл барлық қатысушыға жасалған шабуыл ретінде қарастырылады.
Алайда Пәкістан хуситтердің шабуылдарына әскери жауап беру мәселесі әзірге талқыланбағанын хабарлады.
Қазіргі шиеленіс ақпан айының соңында АҚШ пен Израильдің Иранға соққы беруінен кейін басталған ауқымды соғыстың бір бөлігіне айналды.
Тегеран Сауд Арабиясы мен хуситтер арасындағы қақтығысты тоқтатуды қолдайтынын мәлімдеді.
Иранның Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Мохсен Резаи елдің АҚШ-пен келіссөзді қайта бастау шарттарын ара ағайын тараптарға жеткізгенін айтты.
Олардың бірі - «барлық майдандағы соғысты тоқтату».
Осы арада БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Сауд Арабиясына жасалған хуситтердің шабуылдарын айыптады. Бұл шабуылдардан бейбіт тұрғындар, оның ішінде әйелдер мен балалар зардап шеккен. Сондай-ақ Кеңес Йемендегі әскери шиеленістің күшеюіне алаңдаушылық білдірді.
Еске салайық, көктемде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманмен телефон арқылы сөйлескен еді.
Әңгіме барысында олар Таяу Шығыстағы жағдайды талқылаған.
Тоқаев қақтығыстың одан әрі ушығуы тек өңір үшін емес, жаһандық қауіпсіздік үшін де елеулі қатер төндіретінін атап өткен.