ChatGPT, Claude, Grok және Gemini әзірлеушілеріне қарсы ұжымдық талап арыз берілді

Сырым Қаржас

АҚШ-та танымал жасанды интеллект сервистерінің төрт ақылы қолданушысы OpenAI, Anthropic, Google және xAI компанияларына қарсы топтық талап арыз берді. Талапкерлердің айтуынша, бұл компаниялар жасанды интеллект технологияларының дамуын әдейі баяулату жөнінде өзара келісуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz CNN-ге сілтеме жасап.

Мән-жай

Талап арыз Калифорнияның Солтүстік округі бойынша федералдық сотқа тіркелген.

Оны ChatGPT, Claude, Grok және Gemini сервистеріне ақылы жазылым пайдаланатын төрт адам берген.

Талапкерлердің адвокаттары АҚШ-тағы осы сервистердің барлық ақылы қолданушысының мүддесін қорғауды көздеп отыр.

Талап арызда жасанды интеллект нарығындағы ірі компаниялар жаңа технологияларды әзірлеу мен енгізу қарқынын бірлесіп шектеу үшін әрекеттерін өзара үйлестіруі мүмкін деген уәж келтірілген.

Талапкерлер мұндай келісім АҚШ-тың монополияға қарсы заңнамасына қайшы келуі ықтимал деп есептейді.

Олардың пікірінше, бәсекелес компаниялардың өзара келісілген әрекеті нарықтағы бәсекені әлсіретіп, ақылы жасанды интеллект сервистерінің бағасы мен пайдаланушыға беретін пайдасына әсер етуі мүмкін.

Сонымен қатар, талапкерлердің наразылығы компаниялардың ЖИ қауіпсіздігіне көбірек көңіл бөлу туралы шешімінің өзіне қатысты емес.

Олар әр компания қауіпсіздік үшін қажет деп тапса, технологияны дамыту қарқынын өз бетінше өзгертуге құқылы екенін атап өткен.

Талапкерлер мәселе бәсекелес компаниялардың мұндай шешімдерді өзара келісіп қабылдау ықтималдығында деп санайды.

Дарио Амодейдің бұған қандай қатысы бар?

Талап арызда келтірілген жайттардың бірі - Anthropic басшысы Дарио Амодейдің 12 қыркүйекте жариялаған мақаласы.

Ол өз эссесінде жасанды интеллект қауіпсіздігін күшейту және технологиялардың даму қарқынын бәсеңдету үшін сала өкілдерін ынтымақтасуға шақырған.

Сол күні оның ұсынысына OpenAI басшысы Сэм Альтман, кәсіпкер Илон Маск және Google DeepMind жетекшісі Демис Хассабис көпшілік алдында пікір білдірген.

Талапкерлер бұл мәлімдемелер компаниялар арасында белгілі бір деңгейде келісілген әрекет болуы мүмкін деген күдік туғызады деп есептейді.

Алайда технологиялық компания басшыларының ашық пікірталасы өздігінен заңсыз келісімнің болғанын дәлелдемейді.