Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысын ауыстырды. Мереке Көшекбаев қызметінен босатылып, оның орнына Қуанышбек Үштаев тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қуанышбек Үштаев кім?
Жаңа бас қолбасшы 49 жаста, Жамбыл облысында туған. 1997 жылы Алматы жоғары әскери училищесін тәмамдаған. Кейін Ұлттық қорғаныс университетінде білім алып, 2018 жылы Ресейдің Бас штабы әскери академиясын бітірген.
Үштаев мотожаяу әскер батальонының командирінен бастап, өңірлік қолбасшылық қолбасшысына дейінгі қызмет жолынан өтті. 2022 жылдан бастап «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерін басқарды. Ал 2023 жылғы қарашадан бері «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығын басқарған.
Әскери ерлігі үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Көшекбаев бас қолбасшы қызметін он ай да атқармады
Мереке Көшекбаев Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы қызметін 2024 жылғы 26 қарашадан бері атқарды. Осылайша, оынң бас қолбасшы қызметіндегі мерзімі он айға да созылмады.
Ол да 49 жаста, Батыс Қазақстан облысында туған. Жаңа бас қолбасшы сияқты ол да Алматы әскери училищесін және Ресейдің Бас штабы әскери академиясын тәмамдаған.
Көшекбаев бас қолбасшы болып тағайындалғанға дейін танк взводының командирінен Құрлық әскерлері Бас штабының бастығына дейінгі қызмет жолынан өтті. Десанттық-шабуылдау әскерлерін, «Астана» және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтарын басқарды.
Оның қызметтен босатылу себебі хабарланған жоқ.