Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары барған сайын құнсызданып жатыр

Сырым Қаржас
Ulysmedia

2026 жылдың сегіз айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) кірісі 4,2% болды. Ал осы кезеңдегі инфляция 6,3%-ға жетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Бағаның өсуін ескергендегі нақты кіріс 2,1 пайыздық тармаққа теріс мәнге түсті. Оның үстіне инфляциядан артта қалу көрсеткіші артып келеді. Бір ай бұрын номиналды кіріс сәл жоғары болып, 4,39% болған.

Сегіз айда БЖЗҚ 1,1 трлн теңге инвестициялық табыс тапқан. Алайда бұл қаражат инфляцияны өтеуге жеткіліксіз.

Қордың өзі табыстылықтың төмендеуін теңгенің нығаюымен түсіндіреді.

– Жыл басынан бері инвестициялық табыстың төмендеуінің негізгі себебі – валюталық активтердің теріс бағамдық қайта бағалануы. Теңге долларға шаққанда 505,53-тен 462,31-ге дейін нығайды, – делінген шолуда.

Сонымен қатар қор қысқа мерзімді кіріс басқару тиімділігін толық көрсете бермейтінін атап өтті. Қысқа кезеңдегі қаржы құралдарынан түсетін табыс валюта бағамдары мен бағалы қағаздар құнының өзгеруін әрдайым өтей алмайды.

2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы тамызға дейінгі кейінгі 12 айда БЖЗҚ шамамен 1,58 трлн теңге инвестициялық табыс тапқан. Осы кезеңдегі кіріс 6,17% болды.

Жеке басқарушылар инфляциядан жоғары нәтиже көрсетті

Зейнетақы қаражатының негізгі бөлігін – 26,95 трлн теңгені – басқаратын Ұлттық банк жыл басынан бері 4,2% кірістілік көрсетсе, алты жеке басқарушы компанияның барлығы инфляциядан жоғары нәтиже көрсетті.

«Сентрас Секьюритиз» – 12,18%, Halyk Finance – 9,06%, BCC Invest – 8,09%, Alatau City Invest – 8,25%, Halyk Global Markets – 7,55% кіріс көрсетті.

Алайда жеке басқарушы компаниялардың басқаруындағы қаражат көлемі небәрі 151,2 млрд теңге болды. Ал Ұлттық банктің басқаруында 26,95 трлн теңге бар.

Ұлттық банк жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтарды да жеке басқарады. Бұл бағыттағы нәтиже айтарлықтай жоғары: жыл басынан бері кіріс 11,78%, ал 12 айда 18,65% болды.

Жалпы жинақ көлемі өсіп келеді

Қазіргі уақытта БЖЗҚ шоттарында жалпы 28,47 трлн теңге сақтаулы. Кейінгі 12 айда жинақ көлемі 3,36 трлн теңгеге немесе 13,4% өскен.

Оның негізгі бөлігі – 26,37 трлн теңге – міндетті зейнетақы жарналарына тиесілі.

2024 жылғы қаңтардан бастап түсіп келе жатқан жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақ көлемі шамамен 2,5 есе өсіп, 1,35 трлн теңгеге жетті.

2026 жылдың сегіз айында зейнетақы шоттарына 2,44 трлн теңге жарна түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,9% көп.

Қаңтар-тамыз аралығында қордан 1,24 трлн теңге көлемінде төлемдер мен аударымдар жасалған.

Зейнеткерлерге төленетін орташа айлық төлем 39 008 теңге болды.

БЖЗҚ-да барлығы 19,01 млн зейнетақы шоты ашылған. Бір жыл ішінде олардың саны 1,13 млн-ға артқан.