Астанада әйелді пышақтап өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды. Әлеуметтік желілерде шабуыл жасаған адам марқұмның күйеуі болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Сондай-ақ оның құқық қорғау органдарына қатысы бар деген болжам айтылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Астана полиция департаментінің мәліметінше, әйелге шабуыл жасалғаны туралы хабарлама 23 қыркүйек күні сағат 20:00 шамасында түскен.
Оқиға орнына келген полицейлер ер адамның әйелге пышақ жарақатын салғанын анықтаған. Әйел алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Астана полиция департаменті әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған ақпаратқа да түсінік берді.
– Күдікті полиция қызметкері деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаймыз. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Кінәлі адам заң талаптарына сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады, – деп атап өтті ведомство.
Әлеуметтік желіде не жазылып жатыр?
Пабликтер мен мессенджерлерде оқиғаның мән-жайы қызу талқыланып жатыр.
Жазба авторлары мен куәгерлердің мәліметінше, қаза тапқан әйелдің аты Жазира болуы мүмкін, жасы шамамен 30-да. Болжам бойынша, оған көлік тұрағына қойып жатқан кезінде пышақпен шабуыл жасалған.
Әлеуметтік желі қолданушылары қылмысқа оның күйеуі қатысы болуы мүмкін екенін жазып жатыр. Сондай-ақ марқұмның артында екі кішкентай баласы қалған.
Алайда полиция қылмыстың нақты мән-жайы мен марқұмның жеке басына қатысты ақпаратты әзірше растаған жоқ. Ведомство мұны тергеу құпиясына байланысты жарияламай отыр.