2026 жылы аяқталуға тиіс ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке беруге мораторийді 2031 жылдың соңына дейін ұзарту ұсынылып отыр. Тиісті түзетулер қазірдің өзінде әзірленген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жер мемлекет меншігінде қалады
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов мәлімдеді. Осылайша, қолданыстағы мораторийді тағы бес жылға ұзарту ұсынылып отыр.
Сонымен қатар мемлекет пайдаланылмай жатқан немесе заң бұзушылықпен берілген жер учаскелерін қайтару жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Биыл жер инспекторлары мыңнан астам жоспардан тыс тексеру жүргізіп, 1 млн гектардан астам жерді қамтыды. Тексеру қорытындысы бойынша жер иелері мен пайдаланушыларға жалпы аумағы 884 мың гектар болатын учаскелерге қатысты 715 нұсқама берілді. Тағы 211 мың гектар жерді мәжбүрлеп алып қою мәселесі сотта қаралып жатыр.
Қайтарылған жерлер не болады?
Қыркүйек айының басындағы жағдай бойынша билік бұрын қайтарылған 13,5 млн гектар жерді қайта бөлді. Оның 5,5 млн гектары халыққа мал жаю үшін ортақ пайдалануға берілді. Тағы 8 млн гектар жер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында конкурс арқылы бөлінді.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру тәртібі өзгеруі тиіс. Конкурстар толығымен электронды форматқа көшіріледі.
– Электронды конкурстарды өткізу адами факторды жоюға және жер комиссияларының жұмысынан бас тартуға мүмкіндік береді. Нормалар күшіне енгенге дейін жаңартылған цифрлық жүйені техникалық сынақтан өткізу Ақмола облысы мен Жетісу облысында пилоттық жоба аясында жүзеге асырылады, – деді Теміржанов.
Алдымен жүйе екі өңірде сынақтан өткізіледі. Кейін жаңа тәртіп бүкіл ел бойынша енгізілуге тиіс.