«Қаза тапқандардың отбасына көңіл айтамын»: Шайдоров Каспийдегі қайғылы жағдайға үн қатты

Ulysmedia

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Братиславадағы жарыстан кейін Каспий теңізінде қаза тапқан әскери қызметшілерге қатысты көңіл айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Олимпиада чемпионы әлеуметтік желідегі парақшасында жарыста жүргеніне қарамастан, Маңғыстау облысындағы қайғылы жағдайды ойлап жүргенін жазды.

— Қазір маусымдағы алғашқы жарысымда жүрмін. Қысқа бағдарлама аяқталды. Бірақ бар ойым – Маңғыстау облысында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары. Бұл — орны толмас ауыр қайғы. Қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын, — деп жазды Шайдоров.

22 жастағы мәнерлеп сырғанаушы үшін Ондрей Непела мемориалы 2026 жылы Италияда өткен Олимпиададағы жеңісінен кейінгі алғашқы ресми жарыс болды.

Қысқа бағдарламада Шайдоров 95,98 ұпай жинап, жеке рекордын жаңартты және әзірге үшінші орында тұр.

Олимпиада ойындарында оның қысқа бағдарламадағы нәтижесі 92,94 ұпай болған еді.

Шайдоровтың алдында бейтарап мәртебеде өнер көрсетіп жүрген Евгений Семененко 101,16 ұпай және италиялық Даниэль Грассль 99,10 ұпаймен келеді.

Жарыстың қорытындысы 26 қыркүйекте еркін бағдарламадан кейін белгілі болады.

Мән-жай

24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде жел күшейіп, 17 әскери қызметші суға кеткен.

Олардың 14-і қаза тапты, үшеуі құтқарылды.

Бұған дейін Қазгидромет өңірде желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жететіні туралы ескерту жариялаған еді.

Бас прокуратура қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу баптары бойынша қылмыстық іс қозғады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.