Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясындағы жалпы пікірсайыста сөз сөйледі. Ол халықаралық қауіпсіздік, ядролық қарусыздану, Таяу Шығыс пен Ауғанстандағы ахуал, сондай-ақ орнықты даму мәселелеріне қатысты Қазақстанның ұстанымын жеткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қарулану жарысы және ядролық қауіп
Сөз барысында сыртқы істер министрі әлемдегі геосаяси ахуалдың барған сайын күрделеніп бара жатқанына назар аударды. Оның келтірген дерегіне сүйенсек, 2025 жылы дүние жүзіндегі әскери шығын бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен. Ал әлемде әлі де 12 мыңнан астам ядролық қару сақтаулы тұр. Мұндай қарудың қолданылуы адамзат үшін орны толмас зардапқа әкелуі мүмкін.
Министрдің айтуынша, қару-жарақтың көбеюі мен әскери текетірестің күшеюі халықаралық тұрақтылыққа төнетін қатерді одан сайын арттырып отыр.
Қазақстан ядролық қаруды таратпау мен қарусыздануды жаһандық қауіпсіздіктің басты шарттарының бірі деп санайды. Осыған байланысты еліміз ірі державаларды өзара үнқатысуға шақырды. Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның бұған дейін де ұстанып келген бағытын атап өтіп, кез келген жанжал саяси және дипломатиялық жолмен шешілуге тиіс екенін айтты.
Палестина, Израиль және Ауғанстан
Таяу Шығыстағы жағдайға тоқталған Қазақстан Палестина мен Израильдің екі мемлекет қағидаты негізінде бейбіт қатар өмір сүруін қолдайтынын тағы да растады.
Министр Ауғанстандағы ахуалға да жеке назар аударды. Оның айтуынша, бұл елдегі тыныштық пен тұрақтылық Орталық Азияның қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Осы орайда ол Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын іске қосу бағытында жұмыс жүріп жатқанын атап өтті.
Климат және су
Қазақстан климаттың өзгеруі, су тапшылығы, экологиялық қатерлер мен табиғи апаттарға қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты күшейту қажет деп санайды.
Сондай-ақ, министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында көтерген бастамаларына тоқталды. Қазақстан бейбітшілікті нығайту, қарусыздану және орнықты даму бағытындағы жұмысын алдағы уақытта да жалғастыратынын мәлімдеді.
Ішкі реформалар және халықаралық құқық
Мұхтар Тілеуберді Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар туралы да айтты. Жаңа Конституция аясында ол адам қадір-қасиеті, білім, инновация, қоршаған ортаны қорғау, заң үстемдігі, мемлекеттің жауапкершілігі және адам құқықтарын сақтау мәселелеріне ерекше мән берілетінін атап өтті.
Сыртқы істер министрі Қазақстанның халықаралық құқыққа және БҰҰ Жарғысының негізгі қағидаттарына берік екенін жеткізді.
Қазақстан әділетті әрі демократиялық халықаралық тәртіпті қалыптастыруды, мемлекеттер арасындағы өзара сенімді арттыруды және жаһандық мәселелерді бірлесіп шешуді қолдайтынын мәлімдеді.
Мұхтар Тілеуберді бұл сөзін 25 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінде сөйледі.