Сотталған экс-әкімге қатысы бар полигон мемлекет меншігіне қайтарылды

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Алатау қаласындағы аумағы 34 гектар қоқыс полигоны коммуналдық меншікке қайтарылды. Бұған дейін нысанды Іле ауданының бұрынғы әкімі Бағдат Қарасаевқа тиесілі компания басқарған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Даулы полигон

Полигон «ADC TAZA ALEM» ЖШС-нің сенімгерлік басқаруында болған. Компания инвестиция тартып, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салуға тиіс еді.

Сондай-ақ, табысының бір бөлігін жергілікті бюджетке аударып, кейін полигонды жабуға арналған арнайы қор құру міндеттелген.

Алайда Бас прокуратураның мәліметінше, бұл талаптардың ешқайсы орындалмаған.

— Көрсетілген міндеттемелер орындалмаған. Іс жүзінде компанияның жұмысы қалдықтарды жинап, үйіп қоюмен ғана шектелген. Полигонды дұрыс басқармау елеулі экологиялық зардаптарға әкелді. 2021-2025 жылдар аралығында полигон аумағында алты рет өрт тіркелді. Ең ірі өрт 2025 жылдың қыркүйегінде болып, 30 гектар аумақты шарпыды, — деп хабарлады қадағалау органы.

Алатау қаласының прокуратурасы сенімгерлік басқару шартын жарамсыз деп тану туралы сотқа талап арыз түсірді.

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты талапты қанағаттандырды.

Бұрынғы әкім сотталды

«ADC TAZA ALEM» ЖШС Іле ауданының бұрынғы әкімі Бағдат Қарасаевқа тиесілі болған.

Ulysmedia.kz бұған дейін экс-шенеуніктің 2024 жылғы қыркүйекте ұсталғанын жазған.

Бір жылдан кейін Қарасаев қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және кәсіпкерлікке заңсыз араласу баптары бойынша кінәлі деп танылды.

Сот оның компанияға жер телімін заңсыз бергенін және қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын басқару кезінде оған қолдау көрсеткенін анықтады.

Бұрынғы әкім 3 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.