Франция президенті Эммануэль Макрон болашақта мемлекет басшысы қызметіне қайта түсуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Бұл туралы ол америкалық Variety журналына берген сұхбатында айтты.
Макрон Франция Конституциясына сәйкес екінші президенттік мерзімі 2027 жылғы мамырда аяқталатынын атап өтті. Одан кейін француздар жаңа президент сайлайды.
— Әзірге ештеңені кесіп айта алмаймын. Қайта оралу тосын жағдай болар еді. Бірақ көре жатармыз. Кейде өмірдің өзі кинодан да қызық сценарий ұсынады, — деді Франция президенті.
Эммануэль Макрон Францияны 2017 жылдан бері басқарып келеді. 2022 жылы ол екінші мерзімге қайта сайланды.
Ел Конституциясы президентке қатарынан екі мерзімнен артық сайлануға мүмкіндік бермейді. Сондықтан Макрон 2027 жылғы президент сайлауына қатыса алмайды.
Алайда қолданыстағы заң бойынша, үзілістен кейін бұрынғы президенттің қайтадан сайлауға түсуіне тыйым салынбаған.