Алматы хайуанаттар бағында маралдар төлдеді. Мұнда Маралтай мен Мұқан есімді екі төл дүниеге келді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Қос төлдің де жағдайы жақсы. Олар енесінің жанында өсіп, қоршаған ортаға біртіндеп бейімделіп келеді.
Алғашқы төл 7 маусымда дүниеге келген. Оған Маралтай деген ат қойылды. Оның әкесі – Түркістан, анасы – Алатау.
Екінші төл 10 қыркүйекте туған. Оған Мұқан деген ат берілді. Оның әкесі – Сарайшық, анасы – Чита.
Төлдер күн сайын бақылауда
Хайуанаттар бағының мамандары марал төлдерінің жағдайын, өсіп-жетілуін және қоректенуін күн сайын бақылап отырады.
– Марал төлдерінің дүниеге келуі – бүкіл ұжымымыз үшін үлкен қуаныш. Мамандардың басты міндеті – олардың дені сау болып өсіп, дұрыс жетілуіне барлық қажет жағдайды жасау, – деді Алматы хайуанаттар бағы тұяқты жануарлар бөлімінің жетекшісі Нұртай Сәрсенбаев.
Хайуанаттар бағы мамандары төлдердің дүниеге келуі жануарлар санын сақтап, көбейту үшін маңызды екенін атап өтті.