Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің жұмысын түбегейлі өзгерту қажетін мәлімдеді. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан армиясына жаңа тәсіл, заманауи басқару жүйесі және нақты реформа қажет, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Армия өткен ғасырда қалып қойған»
Тоқаев жуырда Қауіпсіздік кеңесі аппаратымен өткен жиында әскери саладағы басым міндеттерді айқындағанын айтты.
– Біздің армия өткен ғасырда қалып қойған. Сонымен қатар, қолбасшылық жүйесін халықаралық үздік тәжірибеге сай қайта құру керек. Кешенді тәсіл қолдану қажет. Ал ол үшін бағыт-бағдарымыз анық болғаны жөн. Бұл дүниетанымы кең, сауатты офицерлердің ғана қолынан келеді. Реформаның мақсаты – жаңа үлгідегі әскер жасақтау, – деді Президент.
Армияда цифрлық трансформация жүргізіледі
Мемлекет басшысы әскерде цифрлық трансформация жүргізіп, мүмкіндік болған жерде адам еңбегін технологиямен алмастыруды тапсырды.
Президенттің пікірінше, әскери саланы дамытуда ескі тәсілдерден бас тартып, нақты әрі тиімді шешімдерге көшу қажет.
– Әскерді дамытудың жаңаша тәсілдері қажет. Таптаурын шешімдер, алдамшы амалдар, қағаз жүзінде бәрін керемет етіп көрсететін өтірік есептер ешкімге қажет емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қорғаныс министріне қандай міндеттер жүктелді?
Президент жаңа Қорғаныс министрінің алдына кезек күттірмейтін бірнеше міндет қойды.
Бірінші міндет – бюджет қаражатын тиімді пайдалану.
– Бөлінген қаржы мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттырып, барынша нәтиже беруге тиіс. Мақсатсыз шығынға, талан-таражға жол берілмейді. Мұндай әрекеті әшкереленгендердің бірде-біреуі жауапкершіліктен құтылмайды, – деді Тоқаев.
Екінші міндет – қазіргі қауіп-қатерлерді ескере отырып, Қарулы Күштерді реформалау.
Қауіпсіздік кеңесінің аппараты мен Қорғаныс министрлігі он күн ішінде әскерді реформалаудың арнайы жоспарын әзірлеуге тиіс.
«Басшының өз адамдары емес, білікті кадрлар қызметке келуі керек»
Президент әскердегі кадр саясатын да қайта қарауды тапсырды.
Мемлекет басшысының пікірінше, мамандарды іріктеу мен бағалаудың ашық әрі түсінікті талаптары болуы қажет.
– Әскери лауазымдарға басшының «өз адамдары» емес, тәжірибелі және білікті кадрлар ұсынылуға тиіс, – деді Президент.
Әскердегі тәрбие жұмысы күшейтіледі
Үшінші міндет – армиядағы идеологиялық және тәрбие жұмысын күшейту.
Президент бұл жұмыстың Конституцияның негізгі қағидаттары мен құндылықтарына сүйенуі қажет екенін айтты.
Сонымен бірге әскери қызметшілерге әлемнің әскери тарихын, қазақ халқының және басқа елдердің озық рухани-мәдени мұрасын кеңінен таныстыру міндеті қойылды.
Тоқаевтың айтуынша, армия кәсіби даярлық пен білімді жетілдіретін, отаншылдыққа тәрбиелейтін орта болуы керек. Ал әр әскери қызметшінің өмірі мен қауіпсіздігі бірінші орында тұруға тиіс.
– Отан қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы, қасиетті парызы. Әскери қызметке өмірін арнаған әр азамат мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауын айқын сезінуі керек. Әскер – қорқыныш пен үрейге толы жер болмауы керек. Әскер – жас сарбаздарды, еліміздің нағыз отаншыл азаматтарын тәрбиелеудің бұрынғы және қазіргі озық үлгілері ұштасқан кәсіби деңгейі жоғары институт болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Президент БАҚ-та әскери қызмет туралы, соның ішінде қызметте жоғары нәтиже көрсеткен әскери қызметшілер жайында объективті ақпарат көбірек жариялануы керек екенін де айтты.
Жоғарғы бас қолбасшы реформаның нақты, түсінікті және кезең-кезеңімен орындалатын жоспары болуы қажет екенін атап өтті.
Оның айтуынша, құжат көлемді тұжырымдамаға немесе формалы жол картасына айналмауы керек.
Әскерді реформалау жоспары қазанның екінші жартысында өтетін Қауіпсіздік кеңесінің отырысында қаралады.
Президент Қауіпсіздік кеңесінің аппаратына реформаның жүзеге асырылуын үйлестіруді тапсырды.
Каспийдегі трагедия
Бұған дейін, 26 қыркүйекте Президенттің өкімімен Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды жан-жақты тексеру үшін арнайы комиссия құрылған еді. Комиссия әскери бөлімдердің қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін де зерделейді. Тексерудің алғашқы қорытындысы жеті күн ішінде ұсынылуға тиіс.
27 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Дәурен Қосановты қорғаныс министрі қызметінен босатып, сол күні ведомство басшысы қызметіне Айдос Мырзахметовті тағайындады.
Бұл кадрлық шешімдер Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан бірнеше күн өткен соң қабылданды.
24 қыркүйекте әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт бұзылып, 17 әскери қызметші суға кеткен еді. Олардың үшеуі құтқарылып, 14-і қаза тапты.
Осы іс бойынша командирлік қызмет атқарған бес әскери қызметші ұсталды. Тергеу оқу-жаттығудың қалай ұйымдастырылғанын және ауа райы нашарлаған кезде оның не себепті тоқтатылмағанын анықтап жатыр.
26 қыркүйекте Президент Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру жөніндегі арнайы комиссия құрды. Тексеру барысында әскери бөлімдердің қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі де қаралады.
Сонымен қатар, Жоғары аудиторлық палата Қорғаныс министрлігіне мемлекеттік аудит жүргізуге кірісті.
Айдос Мырзахметов бұған дейін Қазақстан Қарулы Күштерінің Арнайы операциялар күштерін басқарған.
Ол туралы толығырақ мына жерден оқи аласыз.