Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қажет жабдықтармен толық қамтамасыз етілмегенін мәлімдеді. Атап айтқанда, оларда теңізде қолданылатын арнайы құтқару кеудешелері болмаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Президенттің айтуынша, бейбіт күнде сарбаздардың өмірін жалмаған бұл қайғылы жағдайға бірінші кезекте офицерлердің, соның ішінде генералдардың салғырттығы және кәсіби біліксіздігі себеп болды. Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаның мән-жайын ғана емес, мұндай оқу-жаттығуды жоспарлауға не түрткі болғанын және қойылған міндеттің қазіргі қауіп-қатерлерге қаншалықты сай келетінін анықтауды талап етті.
– Қарулы Күштер басшылығы қордаланған түйткілдерді жылдар бойы шеше алмай келеді. Бұл еліміздің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіреді. Өткен қайғылы оқиғалардан сабақ алмадыңыздар. Аталған оқу-жаттығу жиынының мәні де, мақсаты да түсініксіз. Оны кім әзірлеп, бекітті? Бас штабтың рөлі қандай? Үйлестіру жұмыстарына неге мән бермеген? Неліктен оқу-жаттығу жиынында Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болмаған? Жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық белең алған. Жүйелі жұмыс жоқ. Дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл жоспары сын көтермейді. Мұның бәрі – әскери ведомство басшылығының немқұрайдылығының салдары, – деді Мемлекет басшысы.
Президент оқу-жаттығу жиынына қатысқан әскери қызметшілер тиісті жабдықтармен, соның ішінде арнайы құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмегенін айтты.
Мемлекет басшысы жеке құрамның қауіпсіздігіне айрықша назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Үкіметтік комиссия оқу-жаттығуды әзірлеу мен өткізуге, әскерді қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге және қауіпсіздік талаптардың сақталуына жауапты барлық лауазымды тұлғаның әрекетіне баға беруге тиіс.
Бұдан бөлек, Президенттің өкіміне сәйкес Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру басталды.
Тексеру барысында әскери қызметті ұйымдастыру, әскерді жабдықтау, сондай-ақ оның материалдық және қаржылай тұрғыдан қамтамасыз етілуі жан-жақты зерделенеді.
Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева басқаратын комиссия жүйелі сипат алған заңбұзушылықтарды анықтап, кімдердің жауапқа тартылатынын айқындауы қажет.
Мемлекет басшысы әскери қызметшілер лауазымына, шеніне қарамастан жауапқа тартылатынын, заң бойынша қатаң жазасын алатынын ескертті. Аталған мәселе Президенттің жеке бақылауында.
Каспийдегі трагедия
Бұған дейін, 26 қыркүйекте Президенттің өкімімен Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды жан-жақты тексеру үшін арнайы комиссия құрылған еді. Комиссия әскери бөлімдердің қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін де зерделейді. Тексерудің алғашқы қорытындысы жеті күн ішінде ұсынылуға тиіс.
27 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Дәурен Қосановты қорғаныс министрі қызметінен босатып, сол күні ведомство басшысы қызметіне Айдос Мырзахметовті тағайындады.
Бұл кадрлық шешімдер Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан бірнеше күн өткен соң қабылданды.
24 қыркүйекте әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт бұзылып, 17 әскери қызметші суға кеткен еді. Олардың үшеуі құтқарылып, 14-і қаза тапты.
Осы іс бойынша командирлік қызмет атқарған бес әскери қызметші ұсталды. Тергеу оқу-жаттығудың қалай ұйымдастырылғанын және ауа райы нашарлаған кезде оның не себепті тоқтатылмағанын анықтап жатыр.
26 қыркүйекте Президент Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру жөніндегі арнайы комиссия құрды. Тексеру барысында әскери бөлімдердің қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі де қаралады.
Сонымен қатар, Жоғары аудиторлық палата Қорғаныс министрлігіне мемлекеттік аудит жүргізуге кірісті.
Айдос Мырзахметов бұған дейін Қазақстан Қарулы Күштерінің Арнайы операциялар күштерін басқарған.
Ол туралы толығырақ мына жерден оқи аласыз.