Қыркүйекте нығайған теңгенің бағамы енді қалай өзгереді? Экономист болжамы

Ulysmedia.kz коллажы

Теңге аптаны бір доллар үшін 441,9 теңге деңгейінде аяқтады. Қыркүйекте ұлттық валюта едәуір нығайды. Алайда салық кезеңі аяқталғаннан кейін бұл деңгей сақтала ма деген сұрақ туындайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Экономист Руслан Сұлтановтың айтуынша, қазір теңгеге бір-біріне қарама-қарсы екі фактор әсер етіп отыр.

Мұнай бағасының жоғары болуы Қазақстан экспортына қолайлы жағдай жасап, елге валютаның көбірек түсуіне ықпал етеді. Ал екінші жағынан, АҚШ Федералдық резерв жүйесі қатаң ақша-несие саясатын сақтайды деген болжам мен Иран төңірегіндегі шиеленіс салдарынан доллар әлемдік нарықта күшейіп келеді.

-  Валюта бағамына ішкі валюта ағындары, экспорттық түсім және шетел валютасына деген сұраныспен бірге барлық фактордың жиынтық әсері маңызды. Қыркүйекте теңге айтарлықтай нығайғаннан кейін енді басты мәселе оның қаншалық тез күшейетіні емес, қол жеткізген деңгейін қаншалықты сақтай алатыны, - деді Сұлтанов.

Қыркүйектегі нығаюдың бір бөлігі салық кезеңімен тұспа-тұс келді. Бұл уақытта экспорттаушылар салық міндеттемелерін өтеу үшін валютаны белсенді түрде сатады.

Енді бұл фактор әлсірейді. Алдағы уақытта теңге бағамының қозғалысы қыркүйекте қалыптасқан деңгейдің қаншалықты берік екенін көрсетеді.

Доллардың күшеюі тағы бір мәселе туғызады.

Инвесторлар доллардағы активтерден тартымды табыс алып отырғандықтан, өзге нарықтардағы тәуекелдерге мұқият қарай бастайды. Қазақстандық компаниялар үшін бұл сырттан қаржы тартудың қымбаттай түсуін білдіреді.

Айырбастау орындарындағы жағдай

Сонымен қатар, Сұлтанов қазақстандықтардың айырбастау орындарындағы әрекетін де талдады.

Тамызда шетел валютасына деген таза сұраныс 11% өсіп, 150 млрд теңгеге жеткен.

Оның 141,4 млрд теңгесі долларға тиесілі. Яғни шетел валютасына деген жалпы сұраныстың 94%-ын АҚШ доллары болған.

Соған қарамастан, нарықта дүрлікпе байқалмайды.

Бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда долларды таза сатып алу көлемі небәрі 1,8%-ға өскен.

Ал еуроға деген сұраныс күрт азайған.

Маусымда қазақстандықтар 25,7 млрд теңгеге еуро сатып алса, тамызда бұл көрсеткіш небәрі 2,1 млрд теңге болған. Бір айдың ішінде сұраныс 80%-дан астамға төмендеген.

Рубльге қатысты жағдай керісінше өзгерген.

Өткен жылдың тамызында халық Ресей валютасын белсенді түрде сатып жатқан еді. Сол кезде таза сату көлемі 31 млрд теңгеге жеткен.

Ал биыл тамызда рубльге деген таза сұраныс 6,2 млрд теңгеге жетті.

Рубльді әсіресе Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарының тұрғындары белсенді сатып алып жатыр.

Шетел валютасына деген сұраныстың үштен екісіне жуығы Алматы мен Шымкентке тиесілі. Алматыда бұл көрсеткіш 71,6 млрд теңге, Шымкентте 27 млрд теңге болған.

Екі қаланың жиынтық үлесі – ел бойынша жалпы сұраныстың 66%-ы.