14 жастағы оқушының қазасы: отбасы мұғалімге кінә артып отыр

freepik

Жамбыл облысында 14 жастағы оқушының туыстары баланың қазасына мұғалім себеп болды деп есептейді. Жасөспірім ақпанда өзіне қол жұмсаған, алайда отбасы бұл жағдайды жеті айдан кейін ғана көпшілікке жария етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қайғылы оқиға 2026 жылғы 25 ақпанда Қордай ауданының Қаракемер ауылында болған.

Қали Қуаныш Темірбекұлы Әбір Нүсіпбаев атындағы №14 орта мектептің жетінші сыныбында оқыған. Ол 14 жаста еді және алты қыздың арасындағы жалғыз ұл болған.

Туыстарының айтуынша, оқиғаға алгебра пәнінің мұғалімімен арадағы жағдай себеп болған.

Сабақ кезінде мұғалім оқушыларға тақтадағы тапсырманы дәптерге көшіріп жазуды тапсырған. Қуаныштың жанында отырған оқушы тақтадағы жазуды көре алмайтынын айтып, телефонын шығарып, тақтаны суретке түсірген. Сол кадрға мұғалім де түсіп қалған.

Отбасының сөзінше, осыдан кейін Қуанышқа қатысты мәселе туындай бастаған.

— Біз жеті ай бойы үнсіз жүрдік. Бастапқыда сотқа жүгінеміз деген ой болған жоқ. Бірақ біз бұл жағдайға мұғалімді кінәлі деп есептейміз, — деп жазды жасөспірімнің туысы әлеуметтік желіде.

Полиция қылмыстық іс қозғап, болған жағдайдың мән-жайын анықтап жатыр.

Контекст

Бұған дейін Ақтөбе облысында Кеңқияқ ауылының 13 жастағы оқушысы өзіне қол жұмсаған еді.

Баланың денесін ата-анасы үйдің маңындағы шаруашылық құрылыстан тапқан.

Тергеу барлық нұсқаны, оның ішінде буллинг болуы мүмкін деген болжамды да тексерген.

Темір ауданы әкімінің орынбасары сол кезде мектептегі сауалнамада «буллинг бар ма?» деген сұраққа «жоқ деп нақты айта алмаймын» деген жауаптар болғанын мойындаған.