Қазақстандық ауыр атлет Алексей Чуркин Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында жұлқа көтеруден әлем рекордын жаңартты. Алайда алтын жүлде тағы да Солтүстік Корея спортшысына бұйырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
85 келіге дейінгі салмақтағы жарыс Айти префектурасында өтті.
Чуркин жұлқа көтерудегі алғашқы мүмкіндігінде-ақ 173 келіні бағындырып, әлем рекордын жаңартты.
Серпе көтеруде қазақстандық спортшы 205 келіні көтерді. Екі жаттығудың қорытындысы бойынша оның нәтижесі 378 келіге жетті.
Алайда бұл алтын жүлдеге жетпеді.
Солтүстік Корея спортшысы Ро Кван Рёль қоссайыс қорытындысында 379 келі көтеріп, чемпион атанды. Ол жұлқа көтеруде 165 келіні, серпе көтеруде 214 келіні бағындырды.
Екі спортшының арасын небәрі 1 келі бөліп тұр.
Қола жүлдені 374 келі нәтиже көрсеткен қытайлық Чен Шуннан иеленді.
- Екінші рет қатарынан жарысқа бәрінен мықты болып келіп, тағы да Солтүстік Корея спортшысынан ұтылып отырмын, - деді Чуркин.
Ро Кван Рёль бұған дейін де Чуркинді 2024 жылғы әлем чемпионатында жеңген. Сол кезде де қазақстандық ауыр атлет екінші орын алған еді.
Бұл - Қазақстанның қазіргі Азия ойындарындағы ауыр атлетикадан екінші жүлдесі.
Бір күн бұрын 77 келіге дейінгі салмақта Аянат Жұмағали күміс медаль жеңіп алған.
Бұған дейін қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева Азия ойындарында жарыстан шеттетілген еді.
Ол спорттық жүрістен марафон қашықтығында мәреге бірінші келгенімен, кроссовкасы жарыста қолдануға рұқсат етілген аяқкиімдер тізіміне кірмеген.
Салдарынан спортшының нәтижесі жойылып, алтын медаль қытайлық спортшыға берілді.
Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті бұл шешімге қатысты апелляция беруге дайындалып жатыр.