Астанада әйелдің өлімінен кейін төрт полицей ұсталып, бірнеше басшы қызметінен кетті

Ulysmedia.kz коллажы

Астанада үйдің автотұрағында 30 жастағы әйелдің өлімінен кейін Ішкі істер министрлігі қызметтік тексеру жүргізді. Нәтижесінде төрт полицей теріс себептермен жұмыстан шығарылды, бірнеше басшы қызметінен кетті, ал тағы бұрынғы төрт қызметкер қылмыстық іс аясында ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Ішкі істер министрлігінің редакцияға берген мәліметінше, тексеруді Өзіндік қауіпсіздік департаменті жүргізген.

Оның қорытындысы бойынша төрт қызметкер теріс себептермен жұмыстан шығарылды.

Екі аудандық полиция басқармасының бастығы мен олардың орынбасарлары қызметінен босатылды.

Сондай-ақ, Астана қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары да қызметінен кетті.

Ал департамент бастығы мен оның тағы бір орынбасарына қатаң тәртіптік жаза қолданылды.

Мұнымен іс аяқталған жоқ.

– ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті жауапты лауазымды тұлғалардың әрекетіне қызметтік тексеру жүргізді. Нәтижесінде төрт қызметкер теріс себептермен жұмыстан шығарылды. Сонымен қатар, қызметке салғырт қарау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аясында бұрынғы төрт қызметкер ұсталды, – деп хабарлады ведомствода.

Тергеу Ішкі істер министрінің бақылауында.

Жазира кісі қолынан қаза тапқанға дейін полицияға жүгінген

30 жастағы Жазира 23 қыркүйекте Астанада үйінің жанындағы автотұрақта өлтірілген.

Күдікті – оның бұрынғы күйеуі Талғат Қамиден ізін суытпай ұсталды.

Марқұмның туыстары бұған дейін ер адам бұрын учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істегенін айтқан.

Жақындарының сөзінше, қайғылы оқиғаға дейін Жазира бұрынғы күйеуінің қоқан-лоқысы мен шабуылдарына байланысты полицияға бірнеше рет жүгінген.

Туыстарының айтуынша, тамызда ол Жазираны қала сыртына алып шығып, ұрып-соғып, тұншықтырған. Ал 7 қыркүйекте әйелге пышақпен келген.

Осы жағдайлардан кейін отбасы полицияға арызданған.

Сараптама қорытындысына сәйкес, Жазираға 16 рет пышақ сұғылған.

Марқұмның артында 10 және 6 жастағы екі қызы қалды.