Зайсан көлінен екі балықшының мәйіті табылды

ТЖМ

Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан көлінде бір аптадан астам уақыт бұрын жоғалып кеткен екі ер адамды іздеу жұмыстары аяқталды. Екі балықшының да қаза тапқаны анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Балық аулауға кетіп, оралмаған

1979 және 2001 жылы туған екі ер адам 22 қыркүйекте Күршім ауданы Балықшы ауылдық округі маңында балық аулауға барған. Алайда үйлеріне қайтпаған.

Іздеу жұмыстары бірден басталды. Құтқарушыларға өз қайықтарымен көлге шыққан жергілікті тұрғындар да көмектескен. Іздеудің алғашқы күнінде жағадан 3-4 шақырым жерден суға батқан қайық табылған.

29 қыркүйекте жергілікті тұрғындар 2001 жылы туған ер адамның денесін тапқан. Ал 30 қыркүйекте құтқарушылар екінші жоғалған адам — 1979 жылы туған ер адамның денесін судан алып шықты.

Осыдан кейін іздеу жұмыстары тоқтатылды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі

Құтқарушылар жағалауды және су айдынының басым бөлігін тексеріп, іздеу барысында ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды пайдаланған. Сүңгуірлер суға 63 рет түскен.

– Іздеу жұмыстарына ауа райының қолайсыздығы, қатты жел мен судағы толқын, сондай-ақ тексерілетін су айдынының аумағының үлкен болуы кедергі келтірді. Бұл сүңгуірлердің жұмысы мен іздеу топтарының суда қозғалуын едәуір қиындатты, – деп хабарлады ТЖМ.