Жер қойнауы – халықтікі: Қазақстанға мысты өңдеудің өз ережесі не үшін қажет

Ulysmedia коллажы

Мыс концентратын өңдеу тарифін айқындау әдістемесіне қатысты пікірталас әлдеқашан бір қызметтің бағасына қатысты даудан асып түсті. Оның астарында бұдан да маңызды мәселе бар. Қазақстан мыс өнеркәсібін қай бағытта дамытпақ? Ел тек кен өндіріп, мыс концентратын экспорттаумен шектеле ме, әлде шикізатты ел ішінде тереңірек өңдеп, өндірістің келесі сатыларын да дамытуға ниетті ме? Бұл мәселе бүгінде ерекше өзекті. Әлемде мыс концентратын өңдеуге төленетін ақы тарихи ең төмен деңгейге түскен тұста, Қазақстан өндірісті тереңдетіп, қосылған құны жоғары өнім шығаруды мақсат етіп отыр.

Ережені мемлекет белгілейді

Мыс концентратын өңдеу тарифін айқындау әдістемесінің нақты құқықтық негізі бар. 2026 жылы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне мыс концентратын өңдеу тарифін айқындау әдістемесін әзірлеп, бекіту өкілеті берілді.

Бұл қадам мемлекеттің өнеркәсіп саясатының жалпы бағытымен үндеседі. Конституцияда жер қойнауы мен басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені және мемлекет меншік құқығын халық атынан жүзеге асыратыны белгіленген.

Бұл қағида шикізат экспорттауға тыйым салуды білдірмейді. Оның мәні – табиғи ресурстар елге тек өндіруден түсетін табыс әкеліп қана қоймай, оны өңдеу арқылы қосымша құн қалыптастыруға, инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және отандық өнеркәсіпті дамытуға қызмет етуі керек деген ұстанымда, яғни елдің табиғи байлығы Қазақстанның ұзақ мерзімді мүддесіне жұмыс істеуге тиіс.

Бұл ұстаным заңнамада да көрініс тапқан. «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңда шикізаттық модельден біртіндеп бас тартып, өңдеу деңгейін тереңдету және қосылған құны жоғары өнім өндіруді дамыту негізгі мақсаттардың бірі ретінде белгіленген. Бұдан бөлек, заңның 60-бабында өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету тетігі қарастырылған.

Бұл міндетті 2026 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өтті. Президенттің айтуынша, «жоғары өңдеу деңгейіндегі өнім өндіру шикізатты экспорттағаннан гөрі коммерциялық тұрғыдан тартымды болуы керек».

Мыс концентратын өңдеу тарифін айқындау әдістемесін де осы тұрғыдан қарастырған жөн.

Оның мақсаты – концентратты әкімшілік жолмен ел ішінде ұстап қалу немесе кен өндірушілердің табысын металлургия кәсіпорындарына қайта бөлу емес. Негізгі міндет – кен өндіру саласының инвестициялық тартымдылығын сақтай отырып, елдегі өңдеу кәсіпорындарының тұрақты жұмыс істеуіне, өндірісті жаңғыртуына және жаңа қуаттарды іске қосуына мүмкіндік беретін ашық әрі түсінікті экономикалық ережелер қалыптастыру.

Сондықтан мәселе Қазақстанның өз минералдық шикізатын өңдеуге қатысты ереже белгілеуге құқығы бар-жоғында емес. Ең маңыздысы – бұл ережелердің қаншалықты ашық, экономикалық тұрғыдан негізделген және нарықтың барлық қатысушысы үшін бірдей болатынында.

Нөлдік TC өңдеу құны нөл деген сөз емес

Пікірталастағы негізгі мәселелердің бірі – әлемдік нарықтағы мыс концентратын өңдеу үшін төленетін Treatment Charge (TC), яғни өңдеу ақысы.

TC-ні көбіне мысты балқыту құнының көрсеткіші ретінде қабылдайды. Алайда бұл екеуі бір ұғым емес.

TC ең әуелі нарықтағы концентрат көлемі мен оны өңдейтін өндірістік қуаттардың арақатынасына байланысты қалыптасады. Шикізат жеткіліксіз болса, зауыттар концентрат үшін өзара бәсекеге түсіп, оны өңдеу ақысын төмендетеді.

Қазір бұл теңгерімсіздік айқын байқалып отыр. Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) дерегінше, 2026 жылғы жылдық базалық TC тоннасына 0 доллар деңгейінде белгіленген. Ал спот-нарықтағы TC 2024 жылдан бері теріс мәнде қалып отыр.

2005 жылдан бері әлемдегі мыс балқыту қуаттарының өсімінің 90 пайыздан астамы Қытайға тиесілі болды. Ал 2025 жылға қарай Қытайдың үлесі әлемдік мыс балқыту көлемінің шамамен жартысына жетті.

Алайда TC төмендегенімен, металлургиялық кәсіпорындардың шығыны азайып кетпейді. Электр энергиясы, еңбек ақысы, жөндеу жұмыстары, экологиялық талаптарды орындау, жабдықтарды жаңғырту сияқты шығындар бәрібір сақталады. Сондықтан әлемдік TC маңызды нарықтық көрсеткіш болғанымен, оны өңдеудің нақты өзіндік құны деп қабылдауға болмайды.

Бұл алтын, күміс, күкірт қышқылы және басқа да ілеспе өнімдерге де қатысты. Олардың сатылымы TC төмен болған кезде кәсіпорын экономикасын қолдауы мүмкін. Алайда бұл кірісті бірден таза пайда деп қарастыруға болмайды. Өйткені аталған өнімдерді өндіру үшін де арнайы жабдық, энергия және қосымша шығын қажет.

ХЭА мәліметінше, TC-ден түсетін кіріс азайған сайын металлургиялық кәсіпорындар бағасы құбылмалы ілеспе өнімдерден түсетін табысқа көбірек тәуелді бола түседі.

Жаңғырту шығынын кім өтейді?

Тағы бір маңызды мәселе – инвестиция.

Металлургиялық кәсіпорынды ондаған жыл бойы тек ағымдағы жөндеу арқылы ұстап тұру мүмкін емес. Өндірісті жаңғырту, экологиялық жобаларды жүзеге асыру, автоматтандыру және жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу қажет. Сондықтан өңдеу тарифін есептеу кезінде инвестициялық шығындарды ескеру орынды. Бірақ мұнда ең бастысы – ереженің ашықтығы.

Инвестиция нақты кәсіпорынға және нақты жобаға қатысты болуы, нақты шығындармен расталуы және оның өтелу мерзімі айқын көрсетілуі керек. Осындай талаптар инвестициялық тетікті өндірістің тиімсіздігін жай ғана өтеу құралынан ажыратуға мүмкіндік береді.

Кен өндірушілердің мүддесі де ескерілуге тиіс

Кен өндіруші компаниялардың өңдеу шығынын барынша азайтуға және өз өнімін ең тиімді нарықта өткізуге мүдделі екені түсінікті.

Сондықтан ішкі тариф экономикалық тұрғыдан негізделген әрі нарықтың барлық қатысушысына түсінікті болуы қажет.

Әдістеменің негізгі мәні де осында. Өңдеу құны субъективті түрде белгіленбей, тексеруге болатын шығындарға, түсінікті инвестициялық құрамдасқа және байланысты да, тәуелсіз де жеткізушілер үшін ортақ қағидаттарға негізделген бірыңғай әрі ашық формула бойынша есептелуге тиіс.

Сонымен бірге өңдеу саласының экономикасын да ескеру маңызды. Егер оның табыстылығы толығымен әлемдік TC-ге тәуелді болса, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға немесе жаңа өндіріс қуаттарын салуға инвестиция тарту қиындай түседі.

Сондықтан мемлекеттің міндеті – бір тарапты екінші тараптың есебінен қолдау емес. Негізгі мақсат – кен өндіруді де, оны ел ішінде өңдеуді де дамытуға мүмкіндік беретін тұрақты әрі болжамды ережелер қалыптастыру.

Шикізаттық артықшылықтан өнеркәсіптік артықшылыққа

Жер қойнауының халыққа тиесілі екені туралы конституциялық қағида мемлекет шикізат экспорттауға тыйым салуы керек дегенді білдірмейді. Оның экономикалық мәні әлдеқайда кең. Табиғи ресурстарды пайдалану елге ұзақ мерзімді құндылық әкелуі тиіс.

Бұл – тек кен өндіруден түсетін табыс емес. Бұл – жаңа өңдеу қуаттары, инвестициялар, жұмыс орындары, инженерлік мамандардың тәжірибесі және өндірістің келесі кезеңдерін дамыту мүмкіндігі.

Сондықтан мемлекеттің міндеті – бәсекеге қабілетті кен өндірісі мен ел ішіндегі экономикалық тұрғыдан тұрақты өңдеуді қатар дамытуға мүмкіндік беретін жағдай қалыптастыру.

Бұл үшін өнеркәсіпке жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға және жаңа өндіріс қуаттарына инвестиция салуға мүмкіндік беретін ашық әрі ұзақ мерзімді ережелер қажет.

Мыс концентратын өңдеу тарифін айқындау әдістемесі – осындай өнеркәсіптік саясаттың қажетті құралдарының бірі. Ашық әрі бірыңғай ережелер қалыптасқан жағдайда ол кен өндірушілер мен металлургтердің мүдделерін бір-біріне қарсы қоймай, отандық өңдеуді дамытуға экономикалық негіз қалыптастыра алады.

Түптеп келгенде, мәселе бүгінгі пайданы нарық қатысушылары арасында қайта бөлуде емес. Мәселе – Қазақстанның болашақ ұрпаққа қандай өнеркәсіп қалдыратынында, яғни мақсат – елдің табиғи байлығын жай ғана шикізаттық артықшылық ретінде емес, ұзақ мерзімді өнеркәсіптік артықшылыққа айналдыру.

Байгенженов Өмірсерік Сабыржанұлы – Ph.D. докторы, О.А. Байқоңыров атындағы Тау-кен металлургия институтының Металлургия және пайдалы қазбаларды байыту кафедрасының профессоры. 2015, 2019 және 2023 жылдары талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері. 2020 жылғы «ЖОО-ның үздік оқытушысы». Хирш индексі – 20. Рецензияланатын ғылыми журналдарда жарияланған 50 еңбектің авторы.