Каспийде 14 әскери қызметші қаза тапқаннан кейін тоғыз күн өткенде Қорғаныс министрлігіндегі кадрлық өзгерістер болды. Қасым-Жомарт Тоқаев бір күнде Қаныш Әбубәкіровті, Алмаз Жұмакеевті және Қанат Ниязбековті қызметінен босатты. Бірі Бас штабқа жауап берсе, екіншісі тыл мен әскери инфрақұрылымды басқарды, ал үшіншісі дәл сол «Хазар қорғаны-2026» оқу-жаттығуына жетекшілік еткен. Ulysmedia.kz армия басшылығынан кеткен бұл тұлғалардың кім екенін және әскери жүйеде қандай міндет атқарғанын саралап көрді.
Бүгінгі тізімдегі ең назар аударарлық тұлғалардың бірі – Қанат Ниязбеков. Ол Әскери-теңіз күштерін 2025 жылғы тамызда ғана басқаруға кіріскен.
Оған дейін күзет кемесі командирінің көмекшісінен бастап Әскери-теңіз күштері бас штабының бастығы – бас қолбасшының бірінші орынбасары қызметіне дейін көтерілген.
22 қыркүйекте, қайғылы оқиғадан екі күн бұрын, Қорғаныс министрлігі «Хазар қорғаны-2026» оқу-жаттығуының басталғанын хабарлады. Ресми мәліметте оқу-жаттығуға Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков жетекшілік ететіні көрсетілген.
Жаттығуға 500-ден аса әскери қызметші, кемелер, жағалау бөлімшелері, ҰҚК Шекара қызметінің және Әуе қорғанысы күштерінің бөлімдері қатысқан.
Алайда арада екі күн өткенде оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде 17 әскери қызметші суға кеткен еді. Оның тек үшеуі аман қалды.
Кейін Мемлекет басшысы Қанат Ниязбековтің сол күні қайда болғанын сұрады.
– Бұл оқу-жаттығудың жоспарын кім әзірлеп, кім бекітті? Бас штаб тарапынан қандай үйлестіру жұмыстары жүргізілді? Неліктен оқу-жаттығуда Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болмады? Жауапсыздық, салғырттық пен көзбояушылық үйреншікті жағдайға айналған. Жүйелі жұмыс жоқ, дағдарыс кезінде әрекет ету жоспарлары ешқандай сын көтермейді, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев 27 қыркүйекте қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен өткен кеңесте.
Бүгін осы мәселеге қатысты кадрлық шешім қабылданды. Қанат Ниязбеков енді Әскери-теңіз күштерін басқармайды.
Қаныш Әбубәкіров Қарулы күштердегі ең жоғары лауазымдардың бірін – қорғаныс министрінің бірінші орынбасары әрі Бас штаб бастығы қызметін атқарды.
Бұл қызметте ол тоғыз айға да толмай еңбек етті. Ол 2026 жылғы 17 қаңтарда тағайындалған еді.
Бұған дейін Әбубәкіров Десанттық-шабуылдау әскерлерін, «Батыс» өңірлік қолбасшылығын басқарды, Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары, сондай-ақ, қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары болды.
Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін Президенттің Бас штабқа да сұрағы болды. Бұл бекер емес. Өйткені Қарулы күштердің іс-қимылын жоспарлау мен үйлестіру осы құрылымның міндетіне кіреді.
Кеңес барысында Президент Бас штабтың Каспийдегі оқу-жаттығуға дайындық кезінде қандай рөл атқарғанын білгісі келді.
Сол кезде Бас штабты Қаныш Әбубәкіров басқарған. Бүгін ол да қызметінен босатылды.
Қорғаныс министрінің орынбасары Алмаз Жұмакеев – бүгінгі тізімдегі тәжірибелі әскери қызметкерлердің бірі.
Ол армияда 1990-жылдардың басынан бері қызмет етеді. Десанттық взвод командирінен бастап Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысына дейін көтерілген.
2026 жылғы наурызда қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.
Қайғылы жағдайдан кейін армияны жабдықтау мәселесі басты сұрақтардың біріне айналды.
Ulysmedia.kz 25 қыркүйекте Ақтаудағы Әскери-теңіз күштерінің әскери бөлімінің сатып алуларын зерттеген. Басылымның мәліметінше, 2026 жылы бөлім 79 құтқару және 64 жұмыс кеудешесін сатып алған.
Алайда техникалық сипаттамада мемлекеттік стандартқа да, халықаралық стандарттарға да сілтеме болмаған.
Сол кезде басты сұрақтың бірі – оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілерде құтқару кеудешелері болды ма деген мәселе еді.
Арада екі күн өткенде бұл сауалға Президенттің өзі жауап берді. Тоқаев оқу-жаттығуға қатысушылар қажетті жабдықпен, соның ішінде теңізде қолданылатын құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмегенін айтты.
Осы бағытқа жауапты Алмаз Жұмакеев те қызметінен босатылды.
Қазір кадрлық өзгерістермен қатар қылмыстық тергеу де жүріп жатыр.
25 қыркүйекте Ішкі істер министрлігі қылмыстық іс бойынша бес күдікті бар екенін хабарлады.
Ақтаудағы уақытша ұстау изоляторына Әскери-теңіз күштері бас штабының бастығы – бас қолбасшының бірінші орынбасары, екі әскери бөлім командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі және катер командирі қамалды.
Тергеу ауыр зардапқа соқтырған қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу ережелерін бұзу баптары бойынша жүріп жатыр.
Ulysmedia.kz бұған дейін ІІМ хабарламасында айтылған Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушев екенін анықтаған.
Ол көктемде Әскери-теңіз күштері бас штабының бастығы қызметіне көтеріліп, мамыр айында ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.
Сондай-ақ, қорғаныс министрі Дәурен Қосановтың да қызметінен кеткенін еске салайық.
Бұл отставкаға қатысты тағы бір жайт бар.
Былтыр қарашада журналистер Қосановтан әскери қызметшілердің жиі қаза болуына қатысты сұраған еді. Министрдің жауабы көпшілікті таңғалдырған.
– Не дейсіз? Сарбаздар ма? Солай ма? – деп қайта сұраған Қосанов күліп жіберген.
Сол кезде министр журналистер мәселені дәлелсіз көтеріп отыр деп, командирлермен және психологтармен жұмыс жүргізіліп жатқанын айтқан. Сондай-ақ, армияда әлімжеттік жоқ деп мәлімдеген.
Каспийде 14 әскери қызметші қаза тапқаннан кейін ол Маңғыстау облысына барып, қаза тапқандардың отбасыларынан кешірім сұрады және Қорғаныс министрлігі «жауапкершіліктен жалтармайтынын» мәлімдеді.
Алайда бұл оның қызметінде қалуына жеткіліксіз болды. Қосанов та министр қызметінен босатылды.
27 қыркүйекте Тоқаев жаңа министр Айдос Мырзахметовті таныстырып, армияның бұрынғы басшылығына қатаң сын айтты.
Президент бүкіл қорғаныс ведомствосына кешенді тексеру жүргізуді тапсырды.
Қазір бұл жұмыспен Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева басқаратын комиссия айналысып жатыр.
– Біздің армия өткен ғасырда қалып қойған. Сонымен қатар, басқару жүйесін озық халықаралық тәжірибеге сай толық қайта құру қажет. Бұл үшін кешенді тәсіл керек. Ал ол үшін нақты көзқарас қажет. Мұндай көзқарас ой-өрісі кең, сауатты офицерлерде ғана болады. Реформаның мақсаты – жаңа үлгідегі армия қалыптастыру, – деді Президент.
Реформаның нақты жоспарын әзірлеуге он күн берілді. Қазанның екінші жартысында оны Қауіпсіздік кеңесінің отырысында қарау жоспарланған.
Ал алғашқы кадрлық шешімдер қазірдің өзінде қабылданып жатыр.
Ендігі міндет жаңа министр мен оның командасына жүктеледі. Оларға Президент айтқан жүйелік мәселелерді шешіп, армиядағы өзгерістерді жүзеге асыру қажет.