Мың жылдан кейін еліне оралды: Болгария Самуил патшаның сүйегін қайтарды

Al Jazeera

Грекиядан Болгарияға Бірінші Болгар патшалығының соңғы ірі билеушілерінің бірі Самуил патшаға тиесілі болуы мүмкін сүйек жеткізілді. Салтанатты рәсім 3 қазанда, патшаның қаза болғанына мың жылдан аса уақыт өткен соң өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Al Jazeera дерегінше, сүйек Софияға әскери ұшақпен жеткізілді. Болгария шекарасынан бастап ұшақты елдің әскери жойғыштары алып жүрді. Елорда орталығында табытты мыңдаған адам қарсы алды. Рәсім кезінде мемлекеттік әнұран орындалып, 21 дүркін зеңбірек атысы жасалды. Ортағасырлық билеушінің рухына тағзым етуге түрлі саяси күштердің өкілдері де келді.

Сүйектерді қайтару София мен Афины арасындағы ұзақ жылдарға созылған келіссөздердің нәтижесі болды. Болгария оларды елге қайтару мәселесін 2007 жылы ресми түрде көтерген. Қол жеткізілген уағдаластыққа сәйкес, Болгария тарапы Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде грек шіркеулері мен монастырьларынан әкетілген 48 діни жәдігерді Грекияға қайтарады.

Самуил патша туралы не белгілі?

Самуил патша Византия империясымен соғысқан және 1014 жылы ауыр әскери жеңілістен кейін көп ұзамай қайтыс болған. Болгарияда оны ұлттық бірегейліктің нышандарының бірі санайды. Билеушіге тиесілі болуы мүмкін сүйектер 1960 жылдары Грекия аумағынан табылған.

Сүйектің қайтарылуы Болгария үшін ұлттық маңызы бар оқиғаға айналды. Ал екі көрші ел үшін бұл тарихи мұраны сақтау мен елге қайтару жөніндегі ортақ келісімнің нәтижесі болды.