Шағын бизнеске бүкіл Қазақстан бойынша бірыңғай салық белгілеу ұсынылды

pk.i-spo.ru

Қазақстандағы шағын бизнес өкілдері өңірге қарамастан бірдей мөлшерде салық төлеуі мүмкін. Қазір оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтін кәсіпкер бір облыста табысының 2 пайызын, ал басқа өңірде 6 пайызын төлеуі мүмкін. Осы айырмашылықты жойып, бүкіл ел бойынша салық мөлшерлемесін 2-3 пайыз деңгейінде белгілеу ұсынылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Неліктен салық мөлшерлемелері әртүрлі?

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтін бизнес үшін базалық мөлшерлеме 4 пайыз болып белгіленді. Алайда жергілікті мәслихаттар бұл мөлшерлемені екі есеге дейін төмендетуге немесе арттыруға құқылы. Сондықтан нақты салық мөлшерлемесі өңірге байланысты 2-ден 6 пайызға дейін өзгеруі мүмкін.

Құрылтай депутаты Дәурен Ахметжаев мұндай айырмашылық кәсіпкерлерді тең емес жағдайға қалдырады деп есептейді. Әсіресе бірнеше өңірде қатар жұмыс істейтін компанияларға қиын. Олар әр өңірдегі мөлшерлемені ескере отырып, салық есебін бөлек жүргізуге мәжбүр.

– Бірдей қызметпен айналысатын кәсіпкерлер тек қай өңірде жұмыс істейтініне байланысты әртүрлі салық жүктемесін көтермеуі керек, – деді Ахметжаев.

Бизнес салығы төмен өңірге кетуі мүмкін

Мұның тағы бір қаупі бар. Шағын қалада немесе ауылда салық мөлшерлемесі көршілес өңірге қарағанда жоғары болуы мүмкін. Мұндай жағдайда кәсіпкерлерге салығы төмен аймақта тіркелу немесе жұмыс істеу тиімді болады.

Нәтижесінде шағын елді мекендер кәсіпкерлерінен, жұмыс орындарынан және салық түсімдерінің бір бөлігінен айырылуы мүмкін.

– Біздің ұсынысымыздың мақсаты – салықтық жеңілдіктер беру емес, аумаққа байланысты салық жүктемесіндегі айырмашылықтарды жою, – деді депутат.

Үкіметке оңайлатылған декларация бойынша бүкіл елге ортақ 2–3 пайыздық мөлшерлеме белгілеу және мәслихаттардың оны өз бетінше өзгерту мүмкіндігін алып тастау ұсынылды.

Сонымен қатар салық мөлшерлемелеріндегі айырмашылық кәсіпкерлерді бір өңірден екіншісіне бизнесін көшіруге мәжбүрлеп жатқанын анықтау ұсынылды.

Айта кетейік, биылғы жылдың басынан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексі бизнес өкілдері арасында бірқатар пікірталас туғызды. Ең даулы нормалардың бірі – жалпыға бірдей белгіленген салық режиміндегі компанияларға оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтін кәсіпкерлерден сатып алынған тауарлар мен қызметтердің шығындарын салық есептеу кезінде шегеруге тыйым салу.

Қаржы министрлігі әзірге бұл тыйымды алып тастауды жоспарлап отырған жоқ. Ал бизнес өкілдері ымыралы шешім ұсынып отыр: мұндай мәмілелерге рұқсат беріп, бірақ оларды 8 пайыздық жоғары мөлшерлемемен салық салу.

Кәсіпкерлер қазіргі жүйені неге тиімсіз деп санайды және мәселені шешудің қандай жолын ұсынып отыр? Бұл туралы Ulysmedia.kz материалынан оқыңыз.