Доллар 503 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін

Elements Envato

Қаржы сарапшылары доллар бағамына қатысты болжамын жаңартты. Олардың пікірінше, алдағы апталарда теңге нығая түсуі мүмкін. Алайда бір жылдан кейін доллар бағамы 503 теңгеге дейін көтерілуі ықтимал, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Теңге нығайды

Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының қазан айындағы шолуына сәйкес, сарапшылар теңгенің бағамына қатысты болжамын жақсартқан. Енді олар қараша айының басында доллар 456,5 теңге болады деп отыр. Ал бір ай бұрын бұл көрсеткіш 474,2 теңге деңгейінде болжанған еді.

Болжамның өзгеруіне бірнеше фактор әсер еткен.

– Теңгедегі активтердің жоғары нақты кірістілігі ұлттық валютаны қолдауды жалғастырып отыр. Бұған Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингінің көтерілуі, Ұлттық банктің операциялары аясында шетел валютасын тұрақты сатуы және бейрезиденттердің мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестиция салуы қосымша қолдау көрсетіп отыр, – делінген ҚҚҚ шолуында.

Инвесторлар үшін қаражатын теңгеде ұстау тиімді болып отыр. Ал нарықтағы шетел валютасы ұсынысының артуы теңгенің нығаюына ықпал етеді.

Доллар 503 теңгеге жақындайды

Ұзақ мерзімді болжам басқаша. 12 айдан кейін сарапшылар доллар бағамы 502,6 теңге болады деп болжап отыр. Бұл бір жыл ішінде ұлттық валютаның әлсіреуі мүмкін екенін білдіреді.

Дегенмен бір ай бұрын қаржыгерлер доллардың бұдан да айтарлықтай қымбаттап, 511,6 теңгеге дейін жететінін болжаған. Енді олардың болжамы теңге үшін біршама қолайлы болып отыр.

– Бір жылдық кезеңге арналған бағам болжамы да жақсарды – бір доллар үшін 502,6 теңге (бұған дейін – 511,6 теңге). Сауда профицитінің ұлғаюы, Ұлттық банк пен экспорттаушылар тарапынан шетел валютасы ұсынысының сақталуы, сондай-ақ 2027 жылы Ұлттық қордан берілетін трансферттер көлемінің 2,8 трлн теңгеден 4,4 трлн теңгеге дейін өсуі ұлттық валютаны қолдауы мүмкін, – деп атап өтті сарапшылар.