Оралдық кәсіпкер Қарашығанақ мердігерінен 1 млрд теңгеге жуық ақша жымқырған

Ulysmedia коллажы

Орал қаласының соты Karachaganak Support Service (KSS) ЖШС-нің негізін қалаушыны сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Ол өз компаниясынан 2,2 млн долларды (948,3 млн теңге) жымқырып, ақшаны АҚШ-қа аударған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Алаяқтық схемасы қалай жұмыс істеген?

Сотталған азамат Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында KSS ЖШС-ін тіркеген. Ол компанияның жалғыз құрылтайшысы әрі басшысы болған. Кейін жарғылық капиталдағы үлестерді қызметкерлер арасында қайта бөлгенімен, іс жүзінде бизнес-менеджер ретінде компанияны бақылауын жалғастырған.

АҚШ-та жүрген кезінде ол ақша жымқыру схемасын ойластырған. KSS ЖШС-нің жаңа директорын алдап, «ТеңізШеврОйл» ЖШС-мен жасалған келісімшартты ұзарту үшін шұғыл түрде жабдық сатып алу қажет екенін айтқан.

– Валюталық бақылауды айналып өту үшін ол компания басшысын ақша аударымдарын пайызсыз қарыз ретінде рәсімдеуге көндірген, – делінген сот материалдарында.

Осылайша, KSS ЖШС-нің шоттарынан өз бақылауындағы америкалық KSS Charlotte LLC компаниясының шотына бірнеше траншпен 2,2 млн доллар аударылған.

Сот оны аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім шығару кезінде сот Атырау қаласының №2 соты 2025 жылғы 24 шілдеде шығарған бұрынғы үкімді де ескерді. Соның нәтижесінде жеңілірек жаза неғұрлым қатаң жазаға алмастырылды.