Теміртауда ер адам мен әйелдің мәйіті табылды. Оларды өлтірді деген күдікпен қаза тапқандардың 20 жастағы ұлы ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиғаның мән-жайы
Қарағанды облысы полиция департаментінің Ulysmedia.kz-ке хабарлауынша, 7 қазанда Республика даңғылындағы үйдің пәтерінен 52 жастағы ер адам мен 49 жастағы әйелдің мәйіті табылған.
Тергеу барысында күдік қаза тапқандардың 20 жастағы ұлына түскен. Жас жігіт ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
– Аталған дерек бойынша “Адам өлтіру” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлады полиция департаменті.
Полиция тергеу мүддесіне байланысты қылмыстың себептері әзірге жарияланбайтынын мәлімдеді.
Контекст
Алматы полициясы 37 жастағы жедел уәкіл Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты тергеуді аяқтағанын хабарлаған едік. Қылмыстық іс сотқа жолдау үшін прокуратураға берілді.
Оқиға 23 маусымда Алматы облысының таулы аймағында, Көкпек – Көктал – Кеген жолының 52-шақырымында болған. Сол жерде малшы өртенген адам денесін тауып алған. Қайтыс болған адамның оң қолынан арқанның қалдықтары табылған.
Марқұм Алматының Әуезов аудандық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Аслан Әлсеров болып шықты.
Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмыс Алматыдағы отбасының пәтерінде жасалған. Кейін ізді жасыру үшін мәйітті 300 шақырым жердегі тауға апарып, өртеп жіберген.
Күдікке Әлсеровтің әйелі мен олардың 14 жастағы ұлы ұсталды. Марқұмның әйелі бұған дейін полицияда жұмыс істеген. Ерлі-зайыпты 15 жыл бірге тұрып, жеті бала тәрбиелеген.