Астанадағы мектепте оқушылардың қысылып қалуынан кейін директордың қызметтен кетуі заңды ма

Ulysmedia коллажы

Астанадағы №99 мектептің киім ілетін орнында оқушылардың қысылып қалуынан кейін мектеп директоры қызметінен кетті. Мұндай шешім заң талаптарына қаншалықты сай келеді? Ulysmedia.kz бұл сұрақты адвокат Таир Назхановқа қойды.

Заңда не дейді?

Адвокаттың айтуынша, мұндай оқиға директорды автоматты түрде жұмыстан шығаруға негіз болмайды. Ол үшін жағдайдың қалай болғанын, қандай міндеттердің бұзылғанын және еңбек қатынастарының қандай негізде тоқтатылғанын анықтау қажет.

Таир Назханов Қазақстанның Еңбек кодексі жекелеген өрескел заңбұзушылықтар үшін, соның ішінде басшыларды да жұмыстан шығаруға мүмкіндік беретінін түсіндірді.

Атап айтқанда, Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 11) тармақшасында еңбекті қорғау және қауіпсіздік талаптарын бұзу салдарынан адамның өмірі мен денсаулығына ауыр зардаптар келсе немесе осындай зардаптардың туындау қаупі болса, қызметкерді жұмыстан шығару қарастырылған.

Алайда адвокаттың сөзінше, бұл норманы мектеп оқушыларына қатысты болған жағдайға қолдану үшін әуелі құқықтық баға берілуі керек.

Сонымен қатар Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 23) тармақшасы заңды тұлғаның атқарушы органының басшысын уәкілетті субъектінің шешімімен өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату арқылы қызметінен босатуға мүмкіндік береді.

– Киім ілетін орында болған оқиғаның өзі директорды жұмыстан шығаруға сөзсіз негіз бола алмайды. Оның себептерін, басшы тарапынан нақты қандай заңбұзушылықтарға жол берілгенін және жұмыстан шығарудың құқықтық негізін анықтау қажет, – деді Таир Назханов.

Оның сөзінше, №99 мектеп директорының қызметтен кетуі заңды болуы мүмкін. Алайда түпкілікті қорытынды жасау үшін жұмыстан босату туралы бұйрық пен оқиғаның барлық мән-жайын зерделеу қажет.

Мектепте не болды?

Бұған дейін Астанадағы №99 мектептің киім ілетін орнының алдында оқушылар қысылып болған. Оқиға түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады.

Оқушылардың айтуынша, оқиға кезінде кейбір балалар тұншығып, құлап, жарақат ала жаздаған.

Кейін қалалық білім басқармасы оқиғаға екінші ауысымдағы сабақ кестесінің сәтсіз ұйымдастырылуы себеп болғанын түсіндірді. Сабақ аяқталғаннан кейін бір мезетте жеті сыныптың оқушылары сыртқа шығып, көпшілігі бір уақытта сырт киімдерін алуға ұмтылған. Соның салдарынан киім ілетін орынның алдында балалар шамадан тыс көп жиналған.

Жедел жәрдем шақырылған

Кейін мектепке жедел жәрдем келгені белгілі болды. Білім басқармасының мәліметінше, бір бала құлап, жеңіл жарақат алған.

Әлеуметтік желілерде бұған дейін тараған балалардың есінен танып қалғаны туралы ақпарат расталмаған.

Оқиғадан кейін мектепте кезекшілік күшейтіліп, оқушылардың киім ілетін орын маңындағы қозғалысын ұйымдастыру тәртібі өзгертілді.

Сондай-ақ мектеп директорының өз еркімен жұмыстан шығу туралы өтініш жазғаны белгілі болды. Бұған дейін білім басқармасы оның қызметінен босатылғанын хабарлаған еді.