Түркияда 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салынбақ

Ulysmedia.kz коллажы

1 қарашадан бастап Түркияда балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желіні пайдалануына қатысты жаңа ережелер күшіне енеді. Енді әлеуметтік желілер 15 жасқа толмаған балаларға өз қызметтерін ұсына алмайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Түркия президенті әкімшілігіне қарасты Киберқауіпсіздік басқармасы әзірлеген тиісті құжат 10 қазанда Resmi Gazete ресми басылымында жарияланды.

15 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер әлеуметтік желілерді пайдалана алады. Алайда олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша шектеулер енгізіледі.

Атап айтқанда, жасөспірімдердің әлеуметтік желідегі парақшалары әдепкіде жабық болады. Оларға тікелей эфир жүргізуге тыйым салынып, жеке қызығушылығына қарай көрсетілетін жарнамалар да шектеледі.

Сондай-ақ, әлеуметтік желілерге жиналған деректер негізінде кәмелетке толмағандарға өзге қолданушылардың парақшаларын ұсынуға тыйым салынады. Жасөспірімдердің жеке парақшалары да басқа пайдаланушыларға автоматты түрде ұсынылмауға тиіс.

Қолданушылардың жасы арнайы сәйкестендіру нөмірі арқылы мемлекеттік жүйеде тексеріледі. Ал әлеуметтік желіде бұрыннан тіркелгендер 2027 жылғы 31 наурызға дейін жасын растауы керек.

Байланыс деректеріне қол жеткізу шектеледі

Жаңа ережеге сәйкес, әлеуметтік желілер кәмелетке толмағандардың аккаунттарын телефондағы байланыс нөмірлерімен, электрон поштадағы контактілермен, сондай-ақ, басқа қосымшалардағы достары мен жазылымдарының тізімімен байланыстыра алмайды.

Платформаларға бұл мәліметтерге қол жеткізуге және оларды пайдалануға да тыйым салынады.

Сонымен қатар, жаңа талаптар әлеуметтік желілерді ата-аналар мен қамқоршыларға арнайы бақылау құралдарын ұсынуға міндеттейді.

Олардың көмегімен ата-аналар балаларының аккаунт баптауларын басқарып, әлеуметтік желіде қанша уақыт өткізетінін, орналасқан жерін, ақылы қызметтерді пайдалануын және өзге де әрекеттерін қадағалай алады.

Жаңа талаптар 2026 жылғы 1 қарашадан бастап күшіне енеді.