Қазақстанның Қаржы министрлігі медициналық қызмет көрсететін ұйымдарға заңсыз төленген 7,9 миллиард теңгеден аса қаражатты мемлекетке қайтаруды көздеп отыр. Ведомство мәліметінше, қаржыны қайтару жұмыстары қозғалған қылмыстық істер аясында жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Заңбұзушылықтар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) Қаржы министрлігінің басқаруына өткеннен кейін анықталған.
Тоғыз айға созылған тексеру барысында қор қаражатының негізсіз жұмсалуына жол ашқан бірнеше заңсыз схема әшкереленіп, олардың жолы кесілген.
Министрлік мәліметінше, осы шаралардың арқасында 23,4 миллиард теңгенің орынсыз жұмсалуына жол берілмеген.
Енді ведомство медициналық қызмет көрсететін ұйымдарға заң талаптарын бұза отырып аударылған тағы 7,9 миллиард теңгеден аса қаражатты қайтаруға күш салып жатыр.
Қаржы министрлігінің хабарлауынша, үнемделген және мемлекетке қайтарылған қаражат медициналық көмек ақысын төлеуге бағытталады.
Сонымен қатар ауруханаларға бөлінетін қаржы көлемі кезең-кезеңімен ұлғайтылып жатыр. Медициналық ұйымдардың нақты көрсеткен қызметтері үшін ақы алу мүмкіндіктері де кеңейтіліп жатыр.
Еліміздегі тағы бір өзекті мәселе – медициналық ұйымдардың берешегі.
Қазір Қазақстандағы 68 аурухана мен өзге де медициналық мекеменің мерзімі өткен қарызы бар.
Олардың әрқайсысы үшін қаржылық жағдайын жақсартуға бағытталған жеке жоспар әзірленген.
Қаржы министрлігі 2026 жылдың соңына дейін медициналық ұйымдардың мерзімі өткен жалпы берешегін 17 миллиард теңгеден 10 миллиард теңгеге дейін азайтуды жоспарлап отыр.
Еске салайық, бұған дейін Қызылорда облысының прокуратурасы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын жұмсау кезінде заңбұзушылықтар анықтаған болатын.
Тексеру нәтижесінде мемлекеттік ауруханалардың жекеменшік медициналық ұйымдарға келісімшартта көрсетілген сомадан артық ақша аударғаны белгілі болды.