Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті кезінде тапталып, қысылып қалған. Полиция бұған қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімеді. Концерт ұйымдастырушылары полицияға жеткізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Полицияның мәліметінше, концерт кезінде қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелген.
«Адамдардың көп жиналуынан концертке келген қыздардың бірі зардап шекті. Қазір ол медициналық мекемеде дәрігерлердің бақылауында. Іс-шараны ұйымдастырушылар полицияға жеткізілді. Соталды тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деп хабарлады полиция департаменті өкілдері.
Тәртіп сақшылары ұйымдастырушылардың әрекетіне құқықтық баға берілетінін атап өтті. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процестік шешім қабылданады.
Еске салайық, 10 қазанда Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионда Қайрат Нұртастың «Сахнада 20 жыл» атты мерейтойлық концерті өтті. Әншінің шығармашылық жолына арналған кеш сағат 19:00-де басталуға тиіс болған. Алайда концертке жиналған жұрт стадионның кіреберісінде қысылып қалған. Әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген видеолар тарады.
Куәгерлердің айтуынша, кейбір көрермендер ұзақ уақыт стадионға кіре алмай тұрған. Есік ашылған кезде жұрт жаппай алға ұмтылып, адамдар бір-бірін итере бастаған. Салдарынан кейбірі құлап, өзгелердің аяғының астында қалған. Концертке барғандар арасында жарақат алғандар мен есінен танып қалғандар болғаны айтылды. Оқиға орнына жедел жәрдем көліктері шақырылған.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 10 қазанда концерт кезінде жарақат алған 18 жастағы қызға оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Кейін оны жедел жәрдем бригадасы ауруханаға жеткізген.
«Қазір науқастың жағдайы ауыр. Оған қажет медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында», – деп хабарлады ведомство.
Қыздың нақты қандай жарақат алғаны және оқиға кезінде қандай жағдайда зардап шеккені әзірге нақтыланбаған.
Шымкентте Қайрат Нұртастың концертінен кейін жансақтау бөліміне түскен 18 жастағы қыздың әпке-сіңлісі оқиғаның мән-жайын айтып, жұрттан дұға тіледі. Оның сөзінше, қыз қалың топ ішінде құлап, тапталып қалған.
Оқиғадан кейін билет сатумен айналысқан Freedom Афиша компаниясы да мәлімдеме жасады. Компания өкілдері зардап шеккендер туралы ақпаратқа алаңдаушылық білдіріп, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Компанияның мәліметінше, концертті Show Service ұйымдастырған. Ал Freedom Афиша билеттерді сатумен, сондай-ақ, кіреберісте билеттерді тексеріп, білезік тарататын еріктілердің жұмысын қамтамасыз етумен айналысқан.
Компания стадионды дайындау, көрермендердің ішке кіруін ұйымдастыру және күзет қызметін қамтамасыз ету өз міндетіне кірмегенін мәлімдеді.
Қазір концерт кезінде болған оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр.