«Тапталып қалдық». Қайрат Нұртастың концертінен кейін жұрт алған жарақаттарын көрсетті

Ulysmedia.kz коллажы

Шымкентте өткен Қайрат Нұртастың концертінен кейін көрермендер алған жарақаттарының суреттерін әлеуметтік желіге жариялай бастады. Тұрғындар денелері көгеріп, сырылғанына, аяқ-қолдарының жарақаттанғанына шағымданып жатыр. Қыздардың бірі таңылған аяғының суретін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Кейінгі мәлімет бойынша, концерттен кейін сегіз адам медициналық көмекке жүгінген. Зардап шеккендердің бірі әлі де ауруханада жатыр. Оның жағдайы ауыр.

Концертке барған қыздардың бірі адамдар бір-бірін итеріп, аяқастынан құлай бастағанын айтып берді. Оның сөзінше, жұрт жерге құлаған адамдарды байқаса да, тоқтамай, алға қарай ұмтыла берген.

«Қайрат Нұртастың концертіне барып, жарақат алып қайттым. Адамдар бір-бірін аяусыз итеріп, құлатып, таптап жатты. Тіпті жерде жатқан адамның үстінен аттап өте бергендер болды. Концертке барған едік, мұрнымыз, қол-аяғымыз жарақаттанып қайттық. Енді бұған кім жауап береді?» – деп ашуланды қыз.

Тағы бір көрермен құлап қалған әйелге көмектеспек болғанын, бірақ өзін де жұрт қағып құлатқанын айтты. Артынша оның үстіне тағы төрт адам құлаған.

Қыздың айтуынша, ол есінен танып қалған. Кейін бейтаныс ер адам көпшіліктің арасынан алып шығып, су бергеннен кейін ғана есін жиған.

Біреулер зардап шеккен қыздың телефонын тартып алмақ болған

Тағы бір қыз концерт кезінде бірнеше адам өзін таптап өткенін айтты. Оның сөзінше, жерде жатқан сәтінде бейтаныс ер адам қолындағы телефонын тартып алуға әрекеттенген.

«Маған олардың кешірімі де, қандай да бір әрекеті де керек емес. Ең дұрысы, енді мұндай концерттерді осылай ұйымдастырмасын! Сендер үшін адамдар мал ма?» – деп жазды зардап шеккен қыз.

Зардап шеккендердің жағдайы қандай?

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 10 қазанда концерттен кейін сегіз адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

Олардың жетеуі медициналық тексеруден кейін үйлеріне жіберілген. Ал жарақат алған 18 жастағы қыз ауруханаға жатқызылды.

11 қазанда таңертең дәрігерлер оның жағдайын тұрақты ауыр деп бағалады. Дегенмен науқастың денсаулығында аздаған оң өзгеріс бар екенін атап өтті.

Қазір қыз дәрігерлердің тұрақты бақылауында.

Еске салайық, 10 қазанда кешке Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда Қайрат Нұртастың концерті кезінде адамдар бір-бірін итеріп, тапталған еді.

Оқиғадан кейін полиция қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Концерт ұйымдастырушылары полицияға жеткізілді. Қазір тергеушілер оқиғаның мән-жайын анықтап, көрермендердің қауіпсіздігіне кім жауапты болғанын тексеріп жатыр.