Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына шабуылдарды тоқтатуға дайын екенін мәлімдеді. Алайда ол үшін Мәскеу Украинадағы энергетикалық нысандарға соққы беруді доғаруы керек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Осылайша Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамптың сынына жауап беріп, Украина ұстанымын білдірді. Бұған дейін Трамп әлемдік жанармай нарығында қиындықтар туындауы мүмкін екенін айтып, Киевтен Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасауды тоқтатуды талап еткен еді.
Украина президенті шабуылдарды тоқтату туралы келісім екі тарапқа да бірдей қатысты болуы және нақты кепілдіктермен бекітілуі керегін атап өтті.
«Егер Ресей біздің энергетикалық инфрақұрылымымызға соққы беруді тоқтатса, Украина да Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасауды доғаруға дайын», – деді Зеленский.
Оның айтуынша, Ресей тарапынан шабуылдар күн сайын дерлік жалғасып жатыр.
Зеленскийдің мәліметінше, кейінгі бір аптаның өзінде Ресей әскері Украинаға шамамен 1450 әуе бомбасын, 75 зымыран және 1640-тан астам соққы беретін дрон қолданған.
Сондай-ақ, Украина президенті Запорожьеде құтқару жұмыстары аяқталғанын хабарлады. Оның сөзінше, шабуыл салдарынан 23 адам, оның ішінде төрт бала қаза тапқан.
Бұдан бөлек, Зеленский Харьковтағы медициналық мекемеге және Славянскідегі тұрғын үйге жасалған соққылар туралы айтты.
Бір күн бұрын АҚШ президенті Ресейдің мұнай инфрақұрылымына шабуылдарды жалғастырып отырғаны үшін Киевті сынға алған еді.
Трамп бұған дейін Зеленскийге мұндай әрекеттердің салдары туралы ескерткенін мәлімдеді.
Оның пікірінше, мұнай өңдеу зауыттарының зақымдануы дизель отынын жеткізуде қиындықтар туғызып, америкалық фермерлер мен өзге де тұтынушыларға кері әсер етуі мүмкін.
«Соққы беретін нысана жетіп артылады. Бірақ мұнай өңдеу зауыттарына тиіспеңдер дедім. Соған қарамастан ол шабуыл жасады. Енді мұны тоқтатқаны дұрыс», – деді Трамп.
АҚШ президенті Зеленскийді Ресеймен келісімге келудің бірнеше мүмкіндігін жіберіп алды деп айыптады. Ол украиндарға бейбіт келісім жасай алатын басқа басшы таңдауды ұсынды.
Трамптың мәлімдемесіне Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига жауап қатты.
Ол елді кім басқаратынын тек Украина азаматтары шешуге құқылы екенін атап өтті.
«Елімізді кім басқаратынын шетелдегі біреулер емес, Украина халқы шешеді», – деді министр.
Ал Зеленский Киевтің еуропалық серіктестерімен қосымша қару-жарақ жеткізу жөніндегі келіссөздерді жалғастырып жатқанын хабарлады.
Әсіресе әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мен әскери авиацияға қажетті оқ-дәрілерді жеткізу мәселесіне басымдық беріліп отыр.
Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымына жасалған шабуылдардың салдары Қазақстанға да әсер етуі мүмкін. Өйткені екі ел мұнай мен жанармай жеткізу саласында тығыз байланыс орнатқан.
Бұған дейін Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарының жұмысында қиындықтар туындаған тұста Батыс Қазақстан облысындағы «Конденсат» зауыты ресейлік мұнайды өңдеп, өндірілген жанармайдың басым бөлігін қайтадан Ресейге жөнелтуі мүмкін екені талқыланған.
Сонымен қатар Қазақстан мұнай экспорты үшін Ресей аумағы арқылы өтетін инфрақұрылымға тәуелді.
Атап айтқанда, елімізде өндірілетін мұнайдың едәуір бөлігі Каспий құбыр консорциумы арқылы шетелге шығарылады. Осы бағыттағы нысандар зақымданса, мұнай жеткізу ісінде іркіліс туындауы мүмкін.
Бұған дейін Қазақстандағы Қарашығанақ кен орнынан шикізат қабылдайтын Орынбор газ өңдеу зауытына да соққы жасалғаны хабарланған еді.
Еске салайық, 8 қазанда Қазақстан шекарасына жақын орналасқан Ресейдің Омбы қаласындағы ірі мұнай өңдеу зауытына дрондар шабуыл жасағаны туралы ақпарат тарады. Шабуылдан кейін нысанда өрт шыққаны хабарланды.