Артық билет сатылған: Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырған ер адам ұсталды

Видео кадры

Шымкентте Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырған ер адам ұсталды. Бұл концерт кезінде бірнеше көрермен жарақат алған еді. Полицияның алдын ала мәліметінше, концертке алаңның сыйымдылығынан әлдеқайда көп билет сатылған. Құқық қорғау органдары адамдардың шамадан тыс жиналып, жаппай тапталуына осы жағдай себеп болуы мүмкін деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Концерт ұйымдастырушысы уақытша ұстау изоляторына қамалды

Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 1984 жылы туған, Л. есімді ер адам ұсталған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазір оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр.

Сондай-ақ, полиция әлеуметтік желіде адамдардың қаза тапқаны туралы тараған ақпаратты жоққа шығарды.

«Әлеуметтік желілерде адамдардың қаза тапқаны туралы тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Қаза тапқандар жоқ», – деп мәлімдеді полиция департаменті.

Сегіз адам медициналық көмекке жүгінді

Еске салайық, 10 қазанда кешке Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда Қайрат Нұртастың концерті кезінде адамдар бір-бірін итеріп, тапталған еді.

Оқиғадан кейін көрермендер әлеуметтік желіде денелерінің көгергенін, терілерінің сырылғанын және басқа да жарақаттарын көрсетіп, суреттер жариялай бастады.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, концерттен кейін сегіз адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың жетеуі дәрігерлік тексеруден кейін үйлеріне жіберілді.

Ал 18 жастағы қыз өзгелерге қарағанда ауыр жарақат алып, ауруханаға жатқызылған.

11 қазанда таңертең дәрігерлер қыздың жағдайы аздап жақсарғанын хабарлады. Дегенмен науқастың жағдайы әлі де тұрақты ауыр деп бағаланып отыр.

Бұған дейін полиция концерт кезінде қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын.