Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ уақытша үзілістен кейін Киевке барлау ақпаратын қайта бере бастағанын мәлімдеді. Бұған дейін Украина бірнеше күн бойы Ресейдің баллистикалық зымыран ұшырғаны туралы алдын ала ескерту алмаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Зеленскийдің айтуынша, америкалық тарап Украинаға барлау деректерін беруді біраз уақытқа тоқтатқан. Алайда үзілістің қанша уақытқа созылғанын және ақпарат алмасу толық қалпына келген-келмегенін нақтыламады. Бұл туралы Bloomberg жазды.
Бұған дейін Зеленский Дональд Трамп әкімшілігі Украина Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасауды жалғастырса, барлау ақпаратын беруге шектеу қоюы мүмкін екенін ескерткенін айтқан. Оның сөзінше, америкалық өкілдер бұл ескертуді Украина әскерилеріне жеткізген.
Ал 12 және 13 қазанда Киев Ресейдің баллистикалық зымыран ұшырғаны туралы дер кезінде хабар алмаған. Соның салдарынан кей қалаларда әуе шабуылы туралы дабыл алғашқы жарылыстардан кейін ғана берілген.
АҚШ тарапы ескертулердің уақытылы жетпеуін ауа райының қолайсыздығымен түсіндірді.
Ал Трамп барлау ақпаратын берудің тоқтатылғанын жоққа шығарып, Вашингтон Украинаға көмектесуді жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
15 қазанда Зеленский Украина АҚШ-тың өтініші бойынша үш күнге тоқтатқан Ресей мұнай өңдеу зауыттарына шабуылдарын қайта бастағанын хабарлады.
Ол мұндай шешімді Ресейдің Украина энергетикасына соққы беруді жалғастыруымен түсіндірді. Зеленскийдің айтуынша, Ресей Трамп 11 қазанда жариялаған энергетикалық бітімге қарамастан, шабуылдарын тоқтатпаған.
Украина президентінің мәліметінше, кейінгі бір аптада Ресей әскері елдің энергетика және мұнай-газ нысандарына 76 рет шабуыл жасаған. Салдарынан ондаған мың отбасы жарықсыз қалған.
Зеленскийдің сөзінше, осы кезеңде Ресей Украинаға қарсы 2700-ге жуық соққы беретін дрон, 1700 авиабомба және 66 зымыран қолданған.
Тараптар арасындағы келіспеушіліктерге қарамастан, Украина президенті келесі аптада Трамп әкімшілігінің өкілдерімен қайта кездесуге үміт білдірді.
Зеленскийдің айтуынша, келіссөздерде Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатудың ықтимал жолдары талқылануға тиіс.
Бұл ретте Киев үшін АҚШ-тың барлау көмегі ерекше маңызды болып отыр.
Өйткені америкалық спутниктер баллистикалық зымырандардың ұшырылғанын ерте анықтай алады. Ал Украинада мұндай мүмкіндігі бар, АҚШ жүйесімен тең дәрежедегі зымыран шабуылы туралы алдын ала ескерту жүйесі жоқ.