Трамп Зеленскийді соғысты аяқтағысы келмейді деп айыптады

AP / Alex Brandon

АҚШ президенті Дональд Трамп Украина басшысы Владимир Зеленскийді Ресеймен бейбіт келісім жасасуға ниет танытпай отыр деп айыптап, оны қатаң сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Ақ үй басшысы әлеуметтік желідегі көлемді жазбасында Мәскеуге қатысты ұстанымын түсіндіріп, Украинаның Ресейдегі мұнай өңдеу кәсіпорындарына жасаған соққыларын да сынға алды. Трамптың айтуынша, Вашингтон Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату үшін жұмысын жалғастырып жатыр. АҚШ президенті келіссөздерге кедергі келтіруі немесе Мәскеудің одан әрі байланыс орнатудан бас тартуына әкелуі мүмкін әрекеттерге барғысы келмейтінін мәлімдеді.

– Ресейге қатысты ұстанымым өте қарапайым. Қазір Ресей мен Украина арасында бейбітшілік орнату жөнінде келіссөздер жүргізіп жатырмын және Ресейді келіссөздерден алыстататын ештеңе жасағым келмейді, – деп жазды Трамп.

АҚШ президенті Украинаның Ресейдегі мұнай өңдеу инфрақұрылымына жасаған шабуылдарына да жеке тоқталды. Оның пайымдауынша, дизель отынын өндіретін кәсіпорындарға соққы жасау әлемдік энергетика нарығына, соның ішінде АҚШ экономикасына кесірін тигізеді. Трамптың сөзінше, мұндай шабуылдардың салдарын фермерлер, ранчо иелері және түрлі саладағы кәсіпкерлер сезініп отыр.

Сонымен қатар ол Ресей халықаралық нарыққа дизель отынын көп көлемде әрі арзан бағамен жеткізіп жатқанын мәлімдеді.

АҚШ басшысы ең қатаң айыптауларын тікелей Владимир Зеленскийге бағыттады. Трамптың пікірінше, Еуропа елдері мен бұған дейін Джо Байден әкімшілігі қаржылай қолдау көрсеткеніне қарамастан, Украина президенті соғыс қимылдарын тезірек тоқтатуға мүдделі емес.

– Зеленскийге бәрібір. Шынымды айтсам, Еуропа оған беріп отырған және бұрын жемқор Джо Байден берген осынша ақшаға қарамастан, ол бұл соғысты аяқтағысы келмейді және, бәлкім, ешқашан аяқтағысы келмеген де шығар, – деді Трамп.

Сондай-ақ АҚШ президенті ықтимал бейбіт келісімнің Украина үшін шарттары екі жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда нашарлағанын айтты. Оның пікірінше, Киев бұған дейін өзіне тиімдірек шарттармен келісімге келе алар еді, алайда мұндай мүмкіндікті пайдаланбаған.