Шымкенттің бұрынғы әкімі Ғабит Сыздықбековтің ағасы Марат Әйтеновтің бұрынғы әйелі Дана Әтешова балалардың әкесімен арадағы көпжылдық сот дауының немен аяқталғанын айтты. Оның сөзінше, тараптар бітімгершілік келісімге келген. Ал Әйтенов қазір алиментті келісімде көрсетілген сомадан әлдеқайда көп мөлшерде өз еркімен төлеп жүр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Дегеніме жеттім»
Дана Әтешова сот дауының аяқталғанын Instagram-дағы парақшасында мәлімдеді.
– Мен бітімгерлік келісім бойынша қалағаныма қол жеткіздім. Қазір әр бұрышта өзімнің қандай керемет екенімді айтып, жар салғым келмейді. Мен жеңіске жеттім, бұл қарсыласымды жеңу емес, өзімді жеңу болғанын түсіндім, – деп бөлісті ол.
Оның айтуынша, көпшілік оны соттасудан бас тартуға көндірген. Алайда ол істі соңына дейін жеткізуді ұйғарған. Әйел соттың қандай шешім шығаратынын білмесе де, кез келген нәтижені қабылдауға дайын болған.
– Мен тоқтай білуге күш те, ақыл да таптым. Әлі де жеңіп шығуға мүмкіндік бар басқа да талап-арыздарым еді. Алайда оларды әрі қарай жалғастырмауды жөн көрдім. Өйткені ең бастысына қол жеткіздім: тәжірибе жинап, есейдім, – деп қосты Дана.
Әйтенов алиментті көбірек төлей бастаған
Дананың айтуынша, бұл оқиғаның ең күтпеген нәтижесі – бұрынғы күйеуінің балаларымен қарым-қатынасы өзгергені. Қазір ол алиментті өз еркімен төлеп жүр.
– Балаларымның әкесі белгіленген сомадан әлдеқайда көп, тіпті бірнеше есе артық алимент төлейді. Мұның бәрі ешқандай қосымша құжатсыз, қосымша келісімсіз жүзеге асып жатыр. Ол осылай шешіп, өз еркімен төлеп келеді. Меніңше, бұл керемет. Осы оқиғадан шыққан ең жақсы нәтиже де – осы, – деді Дана.
Айта кетейік, бұрынғы күйеуі балаларымен араласып, оларға қолдау көрсетіп жүр. Дана Әтешова қазір осы нәтижені ең маңыздысы деп санайды.
Жанжал қалай өрбіді
Дана Әтешова мен Марат Әйтенов арасындағы жанжал 2024 жылы қоғам назарын аударды. Әйел бұрынғы күйеуімен арадағы келіспеушіліктер, алимент пен баспанаға қатысты даулар туралы ашық айтты. Сондай-ақ ол Әйтеновті тұрмыстық зорлық-зомбылық жасады және табысын жасырды деп айыптады.
Сол жылы интернетте Әтешованы балаларымен бірге Астанадағы үйден күштеп шығарған сәті түсірілген видео тарады. Кадрлардан Әйтеновтің полиция қызметкерлерінің көзінше бұрынғы әйелін еденде сүйрегенін көруге болады. Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Кейін сот Марат Әйтеновті қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 12 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.
Сол жылдың қарашасында Әйтеновтің алимент бойынша берешегіне байланысты Mercedes автокөлігі тәркіленгені белгілі болды. Астананың жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы оның балалары алдындағы қарызы 23 миллион теңгеден асқанын хабарлады. Берешекті өтеу үшін көлікті аукционға шығару жоспарланған.
Сот процестері Әтешованың өзіне де қатысты болды. 2024 жылғы тамызда сот оны үйден мәжбүрлеп көшіру кезінде денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 73 840 теңге айыппұл төлеуге міндеттеді.