Қазақстанда кейбір әлеуметтік жеңілдіктер заңсыз жолмен иемденіліп жатыр. Үкімет бұл мәселені жан-жақты зерттеп жатыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Тоқаевтың сөзінше, кейінгі жеті жылда әлеуметтік саланы дамытуға 88 триллион теңге бөлінген. Бұл қаржыны халықтың әл-ауқатын жақсартуға салынған инвестиция ретінде қабылдау керек.
Қазір еліміздің барлық өңірінде, әсіресе ауылдық жерлер мен шалғай елді мекендерде медициналық қызметтің сапасы артып келеді. 2019 жылдан бері Қазақстанда 1259 денсаулық сақтау мекемесі салынған.
Тоқаев Конституцияда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі нақты жазылғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан азаматтары медициналық қызметтің мыңнан астам түрін ақысыз алуға құқылы.
Сонымен қатар еліміздегі барлық мектепте бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік жағынан осал топтағы балалар тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Олардың жалпы саны 1,7 миллионнан асады.
Президент әлеуметтік қолдау шараларына тоқталып, кейбір жеңілдіктерді заңсыз иемдену деректері барын айтты.
– Елімізде неше түрлі әлеуметтік жеңілдіктер бар, тіпті, олардың кейбірі жымқыру негізінде беріліп жатыр. Сондықтан қазір Үкімет бұл мәселені жан-жақты зерттеп, осы жұмыспен айналысуда, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.