Базалық мөлшерле азайса да, банктер несие пайызын неге төмендетуге асықпай отыр

Ulysmedia коллажы

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендеткеніне қарамастан, коммерциялық банктер несие пайызын неге азайтуға асықпай отырғанын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Банктер өзгерісті бірден енгізбейді

Қазақстанның Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені, яғни коммерциялық банктер үшін ақшаның «құнын» тағы да төмендетті. Алайда банктер несие пайызын азайтуға асықпай отыр.

– Ақша-кредит саясатының, соның ішінде базалық мөлшерлемені төмендетудің әсері белгілі бір уақыт өткен соң байқалады, яғни біз бүгін мөлшерлемені төмендеткенімізбен, бұл коммерциялық банктер несие шарттары мен талаптарын бірден өзгертеді деген сөз емес. Олардың кәсіпорындармен бұрын жасасқан, нақты шарттары көрсетілген келісімдері бар. Осы келісімдердің мерзімі аяқталған сайын пайыздық мөлшерлемелер де өзгереді. Мәселен, бұрынғы келісімдерде мөлшерлеме 17-18% болса, жаңаларында 15-16% болуы мүмкін. Алайда қолданыстағы келісімдердің мерзімі бітпейінше, оларда көрсетілген мөлшерлемелер де сақталады, – деп түсіндірді ол.

Өзгеріс бір жылға дейін созылуы мүмкін

Сүлейменовтің айтуынша, қазір несие алғысы келетін қазақстандықтар да бірден төмен пайыздық мөлшерлемеге үміт арта алмайды. Банктерге Ұлттық банктің қолданыстағы базалық мөлшерлемесін ескере отырып, несие шарттарын қайта қарауға 9 айдан 12 айға дейін уақыт қажет болуы мүмкін.

– Несие мөлшерлемелері базалық мөлшерлемеге қарай өзгеріп отырады. Өйткені әр қарыз алушының несие тарихы әртүрлі. Пайыздық мөлшерлеме кепілдің бар-жоғына, несие тарихына және басқа да факторларға байланысты белгіленеді. Базалық мөлшерлеме бағдар болғанымен, әр банктің несие беру шарттары әртүрлі, – деп түйіндеді ол.

Контекст

Еске салайық, 2026 жылғы 23 қазанда Қазақстанның Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жылдық 16,25%-дан 15,75%-ға дейін төмендетті.

Алайда қаржы реттеушісі жыл соңына дейін базалық мөлшерлемені қайта төмендету мүмкіндігі аз екенін мәлімдеді. Бұған елдегі инфляциялық қысымның жоғары болуы себеп. Ұлттық банк, ең әуелі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық тарифтері мен қызметтер бағасының өсуіне алаңдап отыр.