Республика күніне орай Нью-Йорктегі Уолл Стрит көшесінде Қазақстанның Мемлекеттік туын көтеру рәсімі өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әлеуметтік желіде жарияланған ақпаратқа сәйкес, салтанатты шара 22 қазанда Уолл-стриттегі әйгілі Charging Bull мүсінінің мағында ұйымдастырылған. Видеода көпшілік жиналған жерде Қазақстанның көк байрағы көтерілгені көрінеді.
Жазба авторының айтуынша, Нью-Йорктің көрнекті орындарының бірінде Қазақстан туының желбіреуі екі ел арасындағы достық пен өзара құрметті білдіреді. Сондай-ақ, бұл шара Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық байланысты нығайтудың символы ретінде сипатталған.
«Қазақстанның туы түрлі елдер мен мәдениет өкілдерін тоғыстырған Нью-Йорктің халықаралық өмірінің тағы бір бөлшегіне айналды», – делінген жазбада.
Еске салайық, 25 қазан – Республика күні. 1990 жылы осы күні Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Құжатта елдің аумақтық тұтастығы, дербес мемлекеттік билігі және ұлттық мемлекеттілікті нығайту қағидаттары бекітілді.