NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы Дженсен Хуангпен кездесуден кейін ұлттық байлық туралы түсініктің қаншалықты жылдам өзгеріп жатқаны жайлы тағы ойландым.
Біз мұнай, газ, уран және сирек жер металдары туралы жиі айтамыз. Бұл – ондаған жыл бойы ел экономикасының негізіне айналған стратегиялық ресурстарымыз. Енді олардың қатарына тағы бір ресурс қосылып отыр. Ол – деректер. Алдағы онжылдықтарда сол деректерді кім иеленіп, кім басқаратыны елдер арасындағы бәсекенің негізгі өзегіне айналары анық.
Хуангтың сөзінен маған ерекше әсер еткен бір ой болды. Оның айтуынша, халықтың мәдениеті, білімі мен құндылықтары сақталған деректерді шетелге беріп, кейін сол деректер негізінде жасалған жасанды интеллектіні басқа елдерден сатып алу дұрыс емес.
Бір қарағанда, мұнда тұрған не бар дерсің. Бірақ осы мәселеге Қазақстанның көзімен қарап көрейік.
Біз ондаған жыл бойы шикізат экспорттап, оның орнына дайын өнім, технология мен жабдық сатып алдық. Соның салдарынан қосылған құнның едәуір бөлігі өз экономикамызда емес, шетелде қалды. Енді осы жағдай цифрлық салада да қайталануы мүмкін.
Біз электр энергиясын, жерді, инфрақұрылымды және ұлттық деректерді ұсынамыз да, кейін шетелдік компаниялар жасаған дайын интеллектуалдық өнімдерді сатып аламыз.
Ресурсы бар болғанымен, түпкі өнімді өзі басқара алмайтын елдің күйін қайта кешпей-ақ қойсақ дейсің.
Хуанг жасанды интеллектінің неліктен жеке индустрияға айналып келе жатқанын да өте дәл түсіндірді. Оны дамыту үшін орасан зор есептеу қуаты, электр энергиясы, инфрақұрылым мен деректер қажет. Шын мәнінде, бұл – жасанды интеллект өндіретін жаңа өнеркәсіп орындарының пайда болуы. Оларды ЖИ фабрикалары деуге болады.
Бұл бағыт Қазақстан үшін қызық-ақ. Бізде энергетикалық ресурстар бар, географиялық тұрғыдан тиімді орналасқанбыз, деректер орталықтарын салуға да мүмкіндік жеткілікті. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Өз мамандарымыз, ғылыми мектептеріміз, инженерлік әзірлемелеріміз бен технологиялық компанияларымыз болуы керек. Әйтпесе, біз өзгенің индустриясын қуаттандырудан әрі аса алмаймыз.
Хуангтың президент Қасым-Жомарт Тоқаев туралы айтқан сөзіне де арнайы тоқталғым келеді. NVIDIA басшысы Қазақстанның жасанды интеллектіні дамытуға басымдық беріп, AI-мемлекетке айналу бағытын таңдағанын жоғары бағалады. Оның айтуынша, көптеген ел жасанды интеллект экономикасын қалай құру керегін әлі талқылап жатқанда, Қазақстан нақты іске кірісіп кеткен. Әлемдік технология индустриясының қалыптасуына тікелей ықпал етіп отырған адамның мұндай бағасы, әрине, назар аударуға тұрарлық.
Алайда мен үшін бұдан да маңызды мәселе бар. Президент стратегиялық бағытты айқындады. Ендігі кезекте үкіметтің сол міндеттерді қаншалықты сауатты жүзеге асыратыны шешуші рөл атқарады.
Әдемі технологиялық орталықтар салуға, халықаралық форумдар өткізуге, меморандумдарға қол қоюға болады. Бірақ мұның артынан нақты өндіріс орындары ашылмаса, отандық әзірлемелер пайда болмаса, жаңа жұмыс орындары құрылып, бәсекеге қабілетті компаниялар қалыптаспаса, бәрі әдемі презентация деңгейінде қалып қояды.
Жасанды интеллектінің дамуын өткізілген іс-шаралардың санымен емес, экономикаға қосқан үлесімен бағалауды ұсынар едім. Қазақстандық қанша компания жаңа технологияларға қол жеткізді? Қанша маман даярланды? Өзіміздің қанша өніміміз жасалды? Еңбек өнімділігі қалай өзгерді? Жаңа индустрия бюджетке қанша салық түсіріп отыр?
Тағы бір маңызды сұрақ бар: салынған инфрақұрылым кімнің меншігінде болады және қазақстандық компаниялар оны қандай шарттармен пайдалана алады?
Ірі инвестициялық жобалардың бәрі бірдей қоғам күткен экономикалық нәтижеге жеткізе бермейтінін көрдік. Сондықтан халықаралық технологиялық алпауыттармен ынтымақтастық шарттары ашық әрі түсінікті болып, Қазақстанның ұзақ мерзімді мүддесіне сай келуге тиіс.
Сонымен бірге технологиялық оқшаулануды құптамаймын. Керісінше, NVIDIA, Microsoft, Google және басқа да әлемдік компаниялармен жұмыс істеуіміз қажет. Бірақ мұндай ынтымақтастық жаңа тәуелділікке әкелмей, өз технологиялық мүмкіндіктерімізді дамытуға жол ашуы керек.
Журналист ретінде мені тағы бір мәселе толғандырады. Хуанг ұлттық деректерді мемлекеттің егемендігімен байланыстыра айтты. Ал деректер дегеніміз тек сандар, банктік операциялар немесе мемлекеттік тізілімдер ғана емес. Оған тарихымыз, тіліміз, әдебиетіміз, архивтеріміз, ғылыми зерттеулеріміз бен қоғамдық пікірталастарымыз да кіреді.
Бүгінде миллиондаған адам ақпаратты бастапқы дереккөздерден емес, жасанды интеллект жүйелері арқылы алады. Ал бұл жүйелердің қандай деректермен оқытылғаны олардың Қазақстанды қалай танып, қалай сипаттайтынына тікелей әсер етеді.
Келешек ұрпаққа тарихымызды кім түсіндіреді? Қазақстан туралы сұрақтарға жауап бергенде қай дереккөздерге сүйенеді? Қазақ тілі мен ұлттық мәдениет қаншалықты толық қамтылады?
Сондықтан өзіміздің тілдік модельдерімізді жасау – тек технология мәселесі емес. Мұның өзегінде интеллектуалдық және мәдени мұрамызды сақтап қалу мақсаты тұруы тиіс.
Дегенмен, бір маңызды жайтты естен шығармау керек. Ұлттық жасанды интеллект дегеніміз ақпаратқа мемлекеттік монополия орнату деген сөз емес. Ол сапалы әрі сан алуан дереккөздерге сүйеніп, авторлық құқықты, сөз бостандығын және жеке деректерді қорғау талаптарын сақтай отырып дамуға тиіс. Әйтпесе, цифрлық егемендік деген әдемі ұранның астарынан оған мүлде қарама-қайшы нәтиже шығуы мүмкін.
Тағы бір маңызды мәселе – білім беру. Біз ауқымды технологиялық жобалар туралы ауыз толтырып айтамыз. Бірақ мектептердегі математика мен физиканы оқытуға, іргелі ғылымды дамытуға және мұғалімдер даярлауға келгенде жеткілікті көңіл бөлмейтініміз таңғалдырады. Білімге қазірден бастап инвестиция салмасақ, әлемдік деңгейдегі қазақстандық инженерлер қайдан шығады?
Қымбат жабдық сатып алумен ғана қуатты жасанды интеллект индустриясын құру мүмкін емес. Сол жабдықты басқарып, дамытып, жетілдіретін өз мамандарымыз болуы керек.
Сондықтан Қазақстанның жасанды интеллект стратегиясының табысты болуы тек Жасанды интеллект министрлігіне ғана емес, бүкіл білім беру жүйесіне, ғылымға және экономикалық саясатқа байланысты деп есептеймін.
Дженсен Хуанг секілді ықпалды тұлғаның сапарына қарап, бірден шалғайды шолатын қорытынды жасауға асықпаймын. NVIDIA басшысының Қазақстанға келуі – маңызды оқиға. Бірақ оның нақты маңызы кейін, нәтижесін көргенде ғана айқындалады.
Дегенмен, бүгін Астанада өткен талқылау дәл керек шақта ұйымдастырылды. Әлем экономикалық және технологиялық ықпал үшін күрестің жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Қазақстан бұл үдерістен шет қалмауы керек.
Бірақ одан да маңыздысы – бұрынғы қателіктерімізді қайталамау. Біз әлемге мұнай, газ бен уран сатуды үйрендік. Енді өз білімімізге, технологияларымызға және интеллектуалдық өнімдерімізге сүйеніп табыс табуды меңгеруіміз керек.
Он жылдан кейін Қазақстан шетелдік деректер орталықтарын электр энергиясымен қамтамасыз етіп қана қоймай, өз технологияларын да жасап шығаратын елге айналса ғана бүгін жасанды интеллектіге артылған үмітті ақталды дей аламыз.
Әзірге менің негізгі сұрағым өзгерген жоқ: болашақ технологиялық экономиканың қандай үлесі Қазақстанның өзінде қалады?
Өйткені ұлттық мүдде кен орындарын игергенде ғана емес, жаңа цифрлық ресурстарды игеру кезінде де ескерілуі тиіс.