Астанада ҰҚК жүргізген тергеуден кейін 74 жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды

gov.kz

Астанада жүргізуші куәліктерін заңсыз беру схемасы әшкереленді. Тергеу мәліметінше, мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері делдалдармен бірге 74 адамға емтихандарды тиіс тәртіппен тапсырмай-ақ жүргізуші куәлігін алуға көмектескен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Тергеу барысында топ мүшелерінің міндеттерін алдын ала бөліскені анықталды. Бірі үміткерлерге теориялық емтиханды тапсыруға көмектессе, енді бірі практикалық емтиханнан оң нәтиже шығуын қамтамасыз еткен.

«Көмекшілер» аталып кеткен делдалдар мамандандырылған ХҚКО ғимаратының маңында тұрып, болашақ жүргізушілерге теориялық сұрақтардың дұрыс жауабын айтып отырған. Ал орталық қызметкерлері электрондық базаға үміткерлердің практикалық емтиханды сәтті тапсырғаны туралы жалған мәлімет енгізген.

Осы жолмен тек 2025 жылы 74 адам жүргізуші куәлігін заңсыз алған.

Күдіктілерге қандай жаза қарастырылған?

Тергеуді прокуратураның үйлестіруімен елордалық ҰҚК департаменті жүргізген. Қылмыстық кодекстің қылмыстық топ ұйымдастыру және оған қатысу, сондай-ақ ақпаратты заңсыз өзгерту туралы екі бабы бойынша іс қозғалған.

Іс бойынша он адам күдікке ілінген. Олардың алтауы қамауға алынған, үшеуінен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған, тағы біреуі үйқамақта.

Заңсыз жолмен берілген 74 жүргізуші куәлігінің барлығының күші жойылды. Тергеу аяқталып, қылмыстық іс материалдары сотқа жолданды.