Қазақстан Жапониядағы Азия пара ойындарында үздік ондыққа енді

Қазақстан құрамасы Жапонияда өткен V Азия пара ойындарын 50 медальмен аяқтады. Спортшыларымыз 12 алтын, 16 күміс және 22 қола жүлде жеңіп алып, жалпы медальдық есепте тоғызыншы орынға тұрақтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жарыс жайында

Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өткен жарыста Қазақстан атынан спорттың 12 түрінен 150 спортшы бақ сынады.

Қазақстан құрамасы 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия пара ойындарымен салыстырғанда жақсы нәтиже көрсетті. Ол кезде спортшыларымыз 41 медаль, соның ішінде сегіз алтын жеңіп алған еді. Бұл жолы жалпы жүлде саны тоғызға, ал алтын медаль саны төртке артты.

Ең көп жүлдені кімдер алды?

Қазақстандықтар пара дзюдодан үздік нәтиже көрсетіп, 13 медаль еншіледі. Оның бесеуі – алтын, біреуі – күміс, жетеуі – қола. Құрама спорттың осы түрінен командалық есепте де бірінші орынға шықты.

Ибрагим Нұрмаханұлы, Бексұлтан Құлмырза, Жұрқамырза Шүкірбеков, Ақтолқын Сейілбекова және Зарина Раифова чемпион атанды.

Пара жүзуден Қазақстан қоржынына тағы он медаль түсті. Әсіресе, бір алтын, екі күміс және бір қола алған Диас Кенжебек көзге түсті. Ол шалқалап жүзуден 100 метр қашықта чемпион атанды.

Пара велоспорттан қазақстандықтар тоғыз медаль жеңіп алды. Наиль Ермұхамбет пен Анастасия Калаус топтық жарыста және жекелей уақытқа жарысуда жеңіске жетіп, екі дүркін чемпион атанды.

Рекордтар мен алғашқы жүлделер

Пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль алды. Ол 192 келіні көтеріп, Азия пара ойындарының жаңа рекордын орнатты.

Пара оқ атудан Еркін Ғаббасов та жарыс рекордын жаңартып, чемпион атанды.

Диас Кенжебек пен жеңіл атлет Айсұлу Сүлейменова өз спорттық кластарында Азия рекордын орнатты. Сүлейменова 100 метрді 16,18 секундта жүгіріп өтті.

Қазақстан Азия пара ойындарына қатысу тарихында алғаш рет пара үстел теннисі мен садақ атудан жүлде алды. Теннисшілер төрт қола, ал садақшылар бір күміс пен бір қола еншіледі.

Волейболдан күміс жүлде

Отырып ойнайтын волейболдан Қазақстанның ерлер құрамасы финалға дейін жетті. Жартылай финалда Иракты 3:2 есебімен жеңген команда шешуші кездесуде Иранға 0:3 есебімен есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды.

Пара жеңіл атлетикадан қазақстандықтар тағы төрт медаль жеңіп алды. Пара пауэрлифтингтен жалпы алты жүлде бұйырды.

Құрама пара таеквондо, бочча және арбамен теннис ойнаудан жүлдесіз қалды.

Құрама нәтижесіне қандай баға берілді?

Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының директоры Болатбек Дүкетаев құрама жүлде санын арттырып қана қоймай, бұған дейін медаль алмаған спорт түрлерінен де тарихи жетістікке жеткенін атап өтті.

Оның айтуынша, мұндай нәтижеге спортшылардың дайындығы, бапкерлердің еңбегі және Қазақстанда пара спортқа көрсетіліп отырған қолдау ықпал еткен.

– Биыл ұлттық құрама 12 алтын, 16 күміс және 22 қола медаль жеңіп алды. Осылайша, алдыңғы ойындармен салыстырғанда алтын медаль санын төртке, ал жалпы жүлде санын тоғызға арттырдық, – деді Дүкетаев.