Төтенше жағдайлар министрлігі күн суыта бастаған тұста жүргізушілерге ескерту жасады. Құтқарушылар ауа райын жіті қадағалап, қалың қар жауғанда, боран соғып, жолды көктайғақ басқанда тасжолға шықпауға шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Министрлік қыста жол жағдайы күрт өзгеруі мүмкін екенін ескертті. Қар, көктайғақ пен айналаның нашар көрінуі салдарынан күнде жүріп жүрген жолдың өзі қауіпті болуы мүмкін.
Құтқарушылар жолға шығар алдында ауа райы болжамын және тасжолдардың жағдайын тексеруге кеңес береді. Ауа райына қатысты ескерту жарияланса немесе көлік қозғалысына шектеу қойылса, сапарды кейінге қалдырған дұрыс.
ТЖМ жүргізушілерге жолдардың жабылғаны туралы ресми хабарламаларды қадағалап, жоспарлаған шаруасы үшін өмірін қатерге тікпеу керегін ескертті.
Ауа райы жолға шығуға қолайлы болса, алдымен көліктің техникалық тұрғыдан жарамды екеніне көз жеткізу қажет. Құтқарушылар, әсіресе алыс сапар алдында, жанармайдың жеткілікті болуына мән беруге кеңес береді.
Сондай-ақ, жақындарыңызға қай бағытпен жүретініңізді және межелі жерге қашан жетуді жоспарлап отырғаныңызды алдын ала айтып қойған жөн.
Көлік бұзылып немесе күтпеген жерден тоқтауға тура келсе, қажет болатын заттар дайын тұруы керек. ТЖМ жүксалғышта жылы киім, ауызсу, азық-түлік, дәрі қобдишасы, қосалқы батареялары бар қолшам, шағын күрек пен сүйреткіш арқан ұстауға кеңес береді.
Телефонның қуаттағышы немесе пауэрбанк, сондай-ақ қосымша жанармай қоры да қажет болуы мүмкін.
Жол үстінде төтенше жағдайға тап болсаңыз, мүмкіндігінше қауіпсіз жерге тоқтап, апаттық жарық белгісін қосып, жол қозғалысы ережесіне сай апаттық тоқтау белгісін қою қажет.
Аса қажет болмаса, көліктен шықпаған жөн. Болған жағдайды 112 нөміріне хабарлап, құтқарушыларға жеткізу керек.
ТЖМ қыста көлікті сапарға алдын ала дайындап, синоптиктердің ескертулерін ескерудің және өзіңізді де, жолдағы өзге адамдарды да қауіпке ұшыратпаудың маңызды екенін еске салды.