Тоқаев Qarmet-ке ұқсас тағы үш өндіріс ашу жоспарын сынға алды

Qarmet АҚ баспасөз қызметі

Қазақстанда металл өндіретін Qarmet кәсіпорны бар екеніне қарамастан, тағы үш облыста дәл осындай өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай шешімдердің экономикалық тиімділігіне күмән келтіріп, жаңа жобаларды жоспарлау кезінде нарық сұранысын ескеруді тапсырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жаңа өндірістерге сұраныс бар ма?

Мемлекет басшысы Қазақстанның индустриялық-технологиялық дамуы үшін геологиялық барлау тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажет екенін айтты. Оның сөзінше, жаңа кен орындарын бұрынғы әдістермен іздеу оң нәтиже бермейді. Сондықтан геологияны жоғары технологиялық сала ретінде дамыту керек.

Тоқаев озық технологияларды пайдаланып, еліміздің жер қойнауын толық зерттеуге, деректердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге және жаңа кен орындарын іздеу мен барлауға жеке инвестиция тартуға басымдық беруді тапсырды.

Президент айрықша маңызды металдардың рөлі артып келе жатқанын атап өтіп, олардың қорын тиімді басқаратын ұлттық жүйе құру қажет екенін айтты. Бұл жүйе тау-кен саласындағы жобаларды ұзақмерзімді қаржыландыруға мүмкіндік беруге тиіс. Сондай-ақ осы салада жұмыс істейтін кәсіпорындармен оффтейк-келісімшарттар жасасып, өнімге кепілді сұраныс қалыптастыру қажет.

Үкіметке кәсіпкерлермен бірлесіп осы мәселелерді талқылап, жыл соңына дейін нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Өңірлердің бір салаға тәуелді болуына жол бермеу керек

Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанда ұлттық түсті және сирек металдар қорын қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр. Түпкі мақсат – елімізді жаһандық өндіріс тізбегіне қосу. Экспорттық саясат та осы мақсатқа сай жүргізілуге тиіс.

Президент жаңа кәсіпорындар ашылған кезде жұмыс істеп тұрған жергілікті бизнеске орынсыз кедергі келтірмеу қажет екенін ескертті. Инвестор тарту кезінде әр өңір мен саланың ерекшелігін мұқият зерделеу керек.

– Мәселен, елімізде металл өндіретін Qarmet деген ірі кәсіпорын бар. Соған қарамастан, тағы үш облыста дәл осындай өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Осы кәсіпорындардың өнімі нарықтың сұранысына ие бола ма? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ сияқты. Сондықтан осындай үйлесімсіз шешімдердің пайдасы күмәнді екеніне дау жоқ, – деді мемлекет басшысы.

Президент мекемеаралық байланысты нығайтпаса, Қазақстан экономикасы өз әлеуетін толық пайдалана алмайтынын айтты. Оның пікірінше, әр өңір өзінің басым бағыттарын айқындап, сол бойынша жұмыс істеуі керек. Осы ретте Үкіметтің үйлестіру рөлін күшейту қажет.

Сонымен қатар өңірлер жекелеген салаға немесе бір кәсіпорынға тәуелді болып қалмауға тиіс. Негізгі өндірісті дамытумен қатар, оның айналасында білім беру, қолданбалы ғылым, логистика, қызмет көрсету, сабақтас өндірістер мен технологиялық кәсіпкерлікті қамтитын тұтас жүйе қалыптастыру маңызды.

Тоқаев "Халықтық құрылыс" бастамасы әр өңірде осындай экожүйе құруға оң ықпал ететініне сенім білдірді.