«Энергетик аз, форум көп»: Тоқаев электр тапшылығы мәселесін шешуді тапсырды

фото: ашық дереккөзден

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдегі энергетика саласындағы түйткілдерге тоқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫНЫҢ ДӘУІРІ

Тоқаевтың айтуынша, қазіргі жағдайда кез келген мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық дербестігі, ең алдымен, электр қуатымен қаншалықты қамтамасыз етілгеніне байланысты.

«Бүгінгі заманның басты сипаты – электр энергиясының дәуірі. Қазақстан үшін шикізаттық әлеуетін тұрақты энергетикалық және технологиялық дамуға айналдыру аса маңызды. Ашығын айтқанда, бұл бағытта шешімін күткен мәселе аз емес», – деді президент.

Мемлекет басшысы елімізде білікті энергетиктер саусақпен санарлық екенін атап өтті.

«Ал энергетика мәселесіне арналған форумдар мен пікірталастар жиі әрі ауқымды түрде өтіп жатады. Соған қарамастан, Қазақстан энергетикасында жыл сайын электр тапшылығы туындайды. Қыста сұраныс шарықтаған кезде көрші елдерден қымбат бағаға электр энергиясын сатып аламыз да, жазда оны әлдеқайда төмен бағамен қайта сатамыз. Міне, ондаған жылдан бері жалғасып келе жатқан қарапайым «бизнес» осы», - деді Тоқаев.

Президент мұның энергетика саласындағы қалыпты тәжірибе ретінде көрсетілуін құптамайтынын жеткізді.

«Балқашта басталып кеткен жылу электр орталығының құрылысын кезінде тоқтатып тастағанына да таңғалмайсың. Қазір Түркістан, Қызылорда, Алматы мен Екібастұзда жаңа электр қуаттарын іске қосу мерзімі де кейінге шегеріліп жатыр», - деді ол.

Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан жылына 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіреді.

«Өнеркәсібі, құрылысы мен агроөнеркәсіп кешені дамып келе жатқан, экономиканы жаппай цифрландыруды және жасанды интеллектіні қоғамдық өмірдің барлық саласына енгізуді көздейтін ел үшін бұл көлем тым аз. Оның үстіне, мұндай жоспарларды жүзеге асыру үшін деректерді өңдеу орталықтарын да көптеп салу қажет. Сондықтан алдымызда стратегиялық міндет тұр: 2029 жылға қарай электр энергиясының тұрақты артық қорын қалыптастыруымыз керек» – деді мемлекет басшысы.

Президент ол үшін жаңа электр станцияларын салып, қолданыстағыларын жаңғыртуға, электр желілерін дамытуға, көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларының экологиялық таза технологияларын кеңінен енгізуге және жаңартылатын энергетиканы, әсіресе күн электр станцияларын дамытуға тиіс екенімізді айтты.

АТОМ ЭНЕРГЕТИКАСЫН ДАМЫТУ

Тоқаев жалпыхалықтық референдум қорытындысы бойынша атом электр станцияларын салу туралы дұрыс шешім қабылданғанын атап өтті.

«Оның үстіне, бір емес, бірнеше станция салу көзделіп отыр. Енді осы станцияларды алдағы 50 жылда және одан кейін де уран шикізатымен қалай қамтамасыз ететінімізді ойластыруымыз керек. Қазақстандағы АЭС-тердің алдағы бір ғасырдағы қажеттілігін өтеу үшін уранның мемлекеттік стратегиялық қорын құру туралы ұсынысты байыппен қарастыру қажет деп санаймын», - деді ол.

Президент АЭС салуға қатысатын шетелдік серіктестерді Қазақстанда жоғары технологиялы өндірістер ашуға, ядролық энергетика саласындағы білім мен тәжірибені бөлісуге және отандық атом мамандарын даярлауға тарту маңызды деп есептейді.  Оның сөзінше, Ресей мен Қытай компанияларынан осындай ұсыныстар түсіп жатыр.

«Келер жылы «Балқаш» АЭС-інің құрылысын бастауды қолға алуға болады деп есептеймін. Сондай-ақ «Мойынқұм» АЭС-інің құрылысын тезірек бастау үшін кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қою қажет болуы мүмкін. Әрине, келіссөздердегі барлық ұстаным мұқият пысықталып, Қазақстанның ұлттық мүддесіне сай келуі тұрғысынан келісіліп алынуы керек», - деп баса айтты мемлекет басшысы.