Маңғыстау облысындағы сот Ақтауда Каспий теңізінің жағалауында орналасқан жалпы аумағы 5,9 гектар коммерциялық жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтарды. Жер учаскелері міндетті сауда-саттықсыз берілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тексеру барысында не анықталды
Заңбұзушылықтар жоспардан тыс тексеру кезінде анықталған. Белгілі болғандай, теңіз жағасындағы жер учаскелері сауда-саттық өткізілмей берілген. Заң бойынша мұндай жерлер аукцион немесе конкурс арқылы бөлінуі керек.
Осыған байланысты Маңғыстау облысының жер ресурстарын басқару департаменті облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз түсірген.
Сот талапты қанағаттандырып, жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығарды.
Бұған дейін
Бұған дейін табиғат қорғау прокуратурасы Павлодар облысында құны шамамен 1 млрд теңге болатын 1600 гектардан астам жерді мемлекетке қайтарған.
Екібастұз маңындағы 797 гектар аумақ орман өсіруге бөлінгенімен, онда бірде-бір ағаш отырғызылмаған. Осы іске байланысты кінәлі шенеуніктер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.