"Қазпошта" миллиардтаған шығыннан кейін қаржы басшылығын ауыстырды

Самұрық-Қазына

"Қазпошта" Айжан Қайратованы қаржы жөніндегі басқарушы директор, ал Бақытжан Мәлікованы қаржылық қызметтер жөніндегі басқарушы директор етіп тағайындады. Екеуі де компанияның басқарма құрамына енді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Айжан Қайратова кім?

Қайратова еңбек жолын 2007 жылы бастаған. Ол Қорғаныс министрлігі мен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» мен «Транстелекомда» жұмыс істеген.

2020-2024 жылдары «Самұрық-Қазына» қорының активтерді жекешелендіру және қайта құрылымдау департаментінде аға менеджер болды. 2024 жылғы қаңтарда электр желілерінің ұлттық операторы KEGOC-қа ауысты. Онда инвесторлармен байланыс департаментін басқарды. Ал 2026 жылғы ақпаннан бастап қарыз алу және инвесторлармен байланыс департаментінің директоры қызметін атқарды.

Бақытжан Мәлікова ше?

Мәлікованың еңбек өтілі 21 жылдан асады, оның бес жылы пошта саласында өткен. Ол еңбек жолын 1998 жылы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қазынашылық департаментінде бастаған.

Кейін «Қазкоммерцбанк», «Цеснабанк» және Еуразиялық банкте басшылық қызметтер атқарған. 2020 жылғы ақпаннан 2025 жылғы наурызға дейін «Қазпоштаның» «Астаналық почтамт» филиалын басқарды.

Контекст

Бұған дейін «Қазпошта» шығынға батқан еді. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында компания 2,9 млрд теңге жоғалтты. Ал бір жыл бұрын 731,1 млн теңге пайда тапқан еді. Осы кезеңде қаржылық шығындары төрт есеге жуық өсіп, 26 млрд теңгеге жетті.

2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша «Қазпошта» қызметтерді сатудан 28,9 млрд теңге табыс тапты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 28,56 млрд теңгеден небәрі 1,2%-ға артық.

Алайда шығындары кірісінен асып түсті. Пошта операторының негізгі қызметінен түскен жалпы шығыны 2026 жылдың алғашқы үш тоқсанында 31,09 млрд теңге болды. 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 30,26 млрд теңге болған еді.

Компания тек жалақы төлеуге 30,7 млрд теңге жұмсаған. Нәтижесінде жыл басынан бері «Қазпоштаның» өтелмеген жинақталған шығыны 10,06 млрд теңгеге өсіп, 30,37 млрд теңгеге жетті.