"Самұрық-Қазына" қоры Қайрат Мақсұтовты "Самұрық-Энерго" басқарма төрағасы қызметінен босатты. Қор жаңа электр станцияларын салу қарқынына көңілі толмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Неге қызметінен босатылды?
Шешімді «Самұрық-Қазына» қорының басқармасы қабылдаған. Қордың мәліметінше, компания стратегиялық инвестициялық жобаларды тым баяу іске асырып келеді. Сондай-ақ «Самұрық-Энерго» басшылығы жаңа энергетикалық қуаттарды салу және іске қосу мерзімдерін жеткілікті деңгейде бақыламаған.
– Шешім компанияның стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру қарқынының қанағаттанарлықсыз болуына, сондай-ақ жаңа қуаттарды салу және іске қосу мерзімдерінің нашар бақылануына байланысты қабылданды, – делінген қор хабарламасында.
Қайрат Мақсұтовтың орнына «Самұрық-Энергоны» кім басқаратыны әзірге хабарланған жоқ.
Қайрат Мақсұтов кім?
Қайрат Мақсұтов 56 жаста. Еңбек жолын Қарағанды облыстық тұтынушылар одағында ревизор болып бастаған, кейін банк саласына ауысқан. «Игілік-Банк» пен «Альфа-Банктің» Қарағанды филиалында басшылық қызметтер атқарған. Сондай-ақ Қаражал қаласы әкімінің орынбасары болған.
2004-2009 жылдары «Гефест» тау-кен холдингінде экономика және қаржы мәселелеріне жауап берген.
Мақсұтов «Самұрық-Энергоға» 2009 жылы келді. Әуелі басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары, кейін басқарушы директор, одан соң компания басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. 2023 жылғы маусымда «Самұрық-Энерго» басқарма төрағасы болып тағайындалды.
«Самұрық-Энерго» – «Самұрық-Қазына» қорының құрамындағы компания. Ол электр энергиясын өндірумен және ірі энергетикалық нысандар салумен айналысады.
Энергетикалық жобалардың мерзімі бірнеше рет шегерілген
Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов энергетикалық нысандар құрылысының мерзімі кейінге шегерілуін сынға алған. Ол «Самұрық-Энерго» басшылығына жобалардың орындалмауы үшін жеке жауап беретінін ескерткен.
Одан ертерек президент Қасым-Жомарт Тоқаев та энергетикалық нысандар құрылысының созылып кеткені үшін Үкіметті сынаған. Мемлекет басшысы Екібастұз ГРЭС-1-дегі энергоблокты 2012 жылдан бері қалпына келтіре алмай келе жатқанын, ал Алматыдағы ЖЭО-2-де бу-газ қондырғысын салу жұмыстарының ұзаққа созылғанын еске салған.