Мәслихат депутаттығына үміткерлерге бөлінетін 700 мың теңге жеткілікті ме

Орталық сайлау комиссиясы мәслихат депутаттығына үміткерлердің әрқайсысына сайлауалды үгіт жүргізу үшін мемлекет тарапынан 700 мың теңгеге дейін қаражат бөлінетінін анықтады. Алайда әлеуметтік желіде кейбір ықтимал кандидаттар бұл соманы жеткіліксіз деп бағалаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұрынғы мәслихат хатшысы не дейді?

Редакциямыз ОСК шешіміне қатысты пікірін қазіргі Құрылтай депутаты, бұрын Павлодар облыстық мәслихатының хатшысы болған Илья Теренченкодан сұрады.

– Үміткерге қажетті стандартты шығындар мен қаражат жұмсалатын бағыттарды ескерсек, бұл сома жеткілікті. Сайлау округтеріне ауылдық елді мекендер де кіретінін ескерсек, бөлінген қаражат сол жерлерге барып, сайлаушылармен кездесулер ұйымдастыруға мүмкіндік береді, – дейді ол.

Теренченко әр деңгейдегі мәслихаттардың депутаты болып алты рет сайланған.

Оның айтуынша, бұл қаражатты газетке жарияланымдар орналастыруға, жергілікті телеарналарда сөз сөйлеуге, қалалар мен аудандарға бару үшін көлік шығындарын өтеуге, сондай-ақ үгіт материалдарын әзірлеуге жұмсауға болады.

Сонымен қатар Теренченко кандидаттарға сайлауалды науқанын қаржыландырудың басқа көздерін іздеуге ешкім тыйым салмайтынын атап өтті.

– Кандидат шынымен жеңіске жетуді, сайлауалды бағдарламасының халыққа жетуін көздесе, ол үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Сайлау қорына өз қаражатын салып, аумақтық сайлау комиссиялары арқылы мемлекет бөлген қаржыны да пайдаланады, – деп есептейді Теренченко.

Контекст

Еске салайық, 2026 жылғы 29 қарашада Қазақстанның барлық өңірінде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді.

Бұған дейін біз кандидаттардың бюджеттен бөлінген қаражатты қалай пайдалана алатыны туралы егжей-тегжейлі жазған едік.

Айта кетейік, 2023 жылы облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттығына кандидаттарға 550 мың теңгеден, ал қалалық мәслихаттар депутаттығына үміткерлерге 350 мың теңгеден бөлу қарастырылған еді.