Перизат Қайрат колонияда еден жуушы болып жұмыс істеп жүр

Ulysmedia коллажы

Бұған дейін әлеуметтік желіде қымбат көліктері, бренд киімдері мен әшекей бұйымдарын көрсетіп, шетелде демалған Перизат Қайрат қазір колонияда еден жуушы болып жұмыс істейді. Ал оның анасы Ғайни Алашбаева әзірше жұмысқа орналаспаған. Бұл туралы Ulysmedia.kz редакциясының сауалына ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті берген жауапта айтылған.

Колониядағы өмірі туралы не белгілі?

Перизат Қайраттың колониядағы өмірі көпшіліктің қызығушылығын тудырып отыр. 2024 жылы Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорының негізін қалаушы қайырымдылыққа жиналған қаражатты жымқыру ісі бойынша сотталды.

Басқа да атышулы істер бойынша сотталғандар колонияда жүріп түрлі іспен айналысады. Олар жаңа мамандықтарды меңгереді, қоғамдық шараларға қатысады, тіпті өндіріс орындарын ашуға атсалысады.

Мәселен, бұрынғы министр Қуандық Бишімбаев колонияда сотталғандар арасындағы шахмат турниріне қатысып, бірінші орын алған. Бұл жетістігі үшін мекеме әкімшілігінен марапат та алған.

Ал «Атамекен» ҰКП-ның бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметов колонияда жүріп, инвестор тартуға және өнеркәсіптік қап шығаратын цех ашуға көмектескен. 2026 жылғы шілдеде сот оның қалған жаза мерзімін бас бостандығын шектеуге ауыстырды.

Перизат Қайрат пен анасының колониядағы тұрмысын білу үшін Ulysmedia.kz редакциясы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне сауал жолдады.

Редакция мына мәселелерге қызығушылық танытты:

  • Колония жанындағы оқу орталықтарында жаңа мамандықтарды меңгеріп жатыр ма;

  • Спорттық жарыстарға, шығармашылық байқаулар мен көркемөнерпаздар үйірмелеріне қатыса ма;

  • Белсенділігі үшін мекеме әкімшілігінен көтермелеу ала ма, әлде тәртіптік жазаға тартыла ма;

  • Табыс көзі қандай және жалақысы жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеуге жұмсала ма?

Алайда ведомство сұрақтардың басым бөлігіне заң нормаларына сілтеме жасап, қысқа ғана жауап берді.

– Қазіргі уақытта П. Қайрат мекемеде еден жуушы болып жұмыс істейді. Сауалда көрсетілген екінші адам жұмысқа тартылмаған, – деп хабарлады комитет.

Перизат Қайраттың қызметтік бөлмелерді тазалаушы болып жұмыс істейтіні туралы ведомство бұған дейін де айтқан. Ал енді ҚАЖК оның анасы Ғайни Алашбаеваның жұмысқа орналаспағанын ресми түрде растады.

Сонымен бірге ведомство жалақысы, көтермелеу шаралары, тәртібі мен түрлі іс-шараларға қатысуы туралы ақпарат беруден бас тартты.

– Сотталғандардың жеке ісіндегі ақпарат «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңның 15-бабына және ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 93-бабына сәйкес жария етілмейді, – деп жауап берді ҚР ІІМ ҚАЖК.

Анасы мен қызы не үшін сотталды?

Еске салайық, Перизат Қайрат 2024 жылы қоры Қазақстандағы жойқын су тасқынынан зардап шеккендерге, сондай-ақ Палестина тұрғындарына көмек көрсету үшін қаражат жинауды бастаған кезде кеңінен танылды.

Тергеу мен сот миллиардтаған теңге көлеміндегі қайырымдылық қаражаты көмек алушыларға жетпегенін анықтады. Ақша Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның есепшоттары арқылы шығарылған. Анасы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектескен.

Қазақстандықтардың қайырымдылыққа берген ақшасына қымбат жылжымайтын мүлік, люкс санатындағы көліктер, Louis Vuitton және Dior брендтерінің әшекейлері сатып алынған. Сондай-ақ шетелдегі қымбат демалысқа ақша жұмсалған.

2025 жылғы шілдеде сот Перизат Қайратты 10 жылға, ал Ғайни Алашбаеваны 7 жылға бас бостандығынан айырды. Бұдан бөлек, олардың мүлкін тәркілеп, жәбірленушілердің пайдасына 1,582 млрд теңге өндіру туралы шешім шығарды.

Апелляциялық сатыдағы сот алғашқы үкімді өзгеріссіз қалдырды.