Қостанай облысы Әулиекөл ауданының Құсмұрын кентінде бес жасар бала көз жұмды. Ол 26 қазанда басы мен денесіне түскен көптеген жарақаттан қайтыс болған. Кісі өлтірді деген күдікпен ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Бұл туралы Қостанай облысының прокуратурасы мәлімдеді. Полиция күдіктіні сол күні ұстады. Кейін сот оны қамауға алу туралы шешім шығарды.
Қылмыстық іс кәмелетке толмаған баланы өлтіру бабы бойынша тергеліп жатыр. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Прокуратура тергеу құпиясына сілтеме жасап, күдіктінің кім екенін және оқиғаның қалай болғанын нақтыламады.
Бұған дейін
Еске салайық, бұған дейін Қызылордада жасөспірім қаза тапқан еді. Туыстарының айтуынша, ол мың теңгеге бола шыққан жанжал кезінде өткір затпен жараланған. Шабуыл жасады деген күдікпен оның 13 жастағы танысы тексеріліп жатыр.